
Талдықорғанда «Al-Farabi STEM Academy» бастауыш мектебі ашылды
Бүгін Талдықорған қаласында білім саласындағы тағы бір маңызды жоба жүзеге асып, «Al-Farabi STEM Academy» бастауыш мектебінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Іс-шараға қала әкімі Ернат Бәзіл қатысып, жаңа білім ордасының лентасын қиып, ұжымға толағай табыс тіледі.
Қала әкімі өз сөзінде соңғы жылдары қалада мемлекеттік мектептермен қатар жекеменшік білім беру ұйымдарының саны артып келе жатқанын атап өтті.
– Бәсекелестік орта қалыптасқан сайын білім сапасы да артады. Бұл өз кезегінде ата-аналар мен оқушыларға таңдау мүмкіндігін кеңейтіп, сапалы білім алуға жол ашады, – деді Ернат Бәзіл.
Заманауи талаптарға сай салынған жаңа мектеп 1–4 сынып оқушыларына арналған. Мұнда білім беру қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. Оқу бағдарламасы математика мен логикалық ойлауды дамытуға бағытталған. Сонымен қатар оқушылар робототехника, ағылшын тілі, шахмат және каратэ үйірмелеріне қатыса алады.
Мектептің басты мақсаты әр баланың табиғи қабілеті мен дарынын ашып, оның жан-жақты дамуына жағдай жасау. Сондай-ақ білім ордасында жас мамандарды қолдау жұмыстары жүргізіліп, тәжірибелі ұстаздардың әлеуеті тиімді пайдаланылуда. Нәтижесінде 30-ға жуық жаңа жұмыс орны ашылған.
Алдағы оқу жылында мектеп 200 оқушыны қабылдауға дайын. Болашақта халықаралық деңгейдегі білім беру мекемесіне айналу мақсатында озық тәжірибелерді енгізіп, білікті шетелдік педагогтерді тарту жоспарлануда.
Мектеп директоры Мадина Маметованың айтуынша, білім ордасының негізгі ұстанымы сапалы біліммен қатар ұлттық және адамгершілік құндылықтарды бойына сіңірген, жауапкершілігі жоғары тұлға тәрбиелеу, - дейді.