
Биыл Талдықорғанның 1756 мектеп түлегі үшін соңғы қоңырау соғылды
Бүгін Талдықорған қаласының мектептерінде қоңырау үні соңғы рет соғылып, 36 мыңнан астам оқушы оқу жылын сәтті аяқтады.
Осы айтулы күні қала әкімінің орынбасары Жеңіс Андабеков қаламыздағы тұңғыш қазақ мектебі саналатын Б. Жолбарысұлы атындағы №18 орта мектеп-лицейінде өткен соңғы қоңырау салтанатына қатысты. Ол түлектерге ақ жол тілеп, ұстаздардың қажырлы еңбегіне алғыс білдірді.
Қала әкімінің орынбасары Жеңіс Андабеков:
– Бүгін сіздер үшін өмірдің жаңа кезеңі басталғалы тұр. Алда үлкен таңдау, жаңа мүмкіндіктер мен биік белестер күтіп тұр. ҰБТ-ны сәтті тапсырып, армандаған мамандық иесі атанып, ел игілігі жолында қызмет ететін азамат болуларыңызға тілектеспін. Әр жетістіктің артында ата-ана мен ұстаздың маңдай тері тұрғанын ешқашан ұмытпаңыздар, – деді құттықтауында.
40 жылға жуық тарихы бар Б. Жолбарысұлы атындағы №18 орта мектеп-лицейін биыл 50 түлекті үлкен өмірге қанаттандырды. Олардың қатарында 4 оқушы «Алтын белгіге», тағы 4 түлек үздік аттестатқа үміткер атанып отыр. Жалпы білім ордасында 1328 оқушы оқу жылын аяқтады.
Еске салсақ, 2025–2026 оқу жылында Талдықорған қаласындағы 27 жалпы білім беретін мектепте 36 мыңнан астам оқушы білім алды. Оның ішінде 4 мыңға жуық бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттаса, ал 1756 оқушы мектеп түлегі атанды. Олардың 75 түлегі «Алтын белгі» төс белгісіне үміткер болса, ал 102 оқушы үздік аттестатқа үміткер.
Биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу 10 мамырда басталып, 10 шілдеге дейін жалғасады.