
Бүгін облыс орталығы Талдықорған қаласында 7 мамыр – Отан қорғаушы күніне орай «Ел намысын ер қорғайды, ер ерлігін ел қолдайды» атты салтанатты шара ұйымдастырылды.
«Жастар» спорт сарайының аумағында ұйымдастырылған мерекелік жиынның шымылдығын қала әкімі Ернат Бәзіл ашып, жиналған жұртшылықты айтулы күнмен құттықтады. Өз сөзінде ол ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуде Қарулы күштердің маңызы зор екенін атап өтіп, бірқатар азаматтарды арнайы марапаттады.
Қала әкімі Ернат Бәзіл:
- Сіздерді 7 мамыр – Отан қорғаушы күнімен құттықтаймын! Ел тыныштығын сақтап жүрген әскери қызметшілердің еңбегі зор құрметке лайық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, бұл еліміздің қауіпсіздігінің маңызды тірегі.Ардагерлердің ерлігі ұрпаққа үлгі.
Жас сарбаздар, Отан қорғау қасиетті борыш. Сіздердің табандылықтарыңыз бен отансүйгіштік рухтарыңыз ел болашағының кепілі, - деді.
Сондай-ақ, шара барысында №18404 әскери бөлімінің қызметкерлері жауынгерлік қоян-қолтық ұрыс элементтерін көрсетіп, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
Мерекелік жиында болашақ сарбаздардың әскери рухын көтеру мақсатында қазақтың даңқты қолбасшысы, Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының кітаптары табысталды. Бұл игі бастама жас ұрпақтың Отан алдындағы жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
Сонымен қатар, шара аясында әскер қатарына шақырылған 30 жас сарбаздар салтанатты түрде ел алдындағы борышын өтеуге аттанды. Бұл сәт жиналған қауым үшін ерекше толқыныс пен мақтаныш сезімін сыйлады.
Отан қорғаушылар күніне арналған бұл шара елге қызмет етудің маңызын дәріптеп, жас ұрпақтың бойында патриоттық рухты нығайтуға үлкен үлес қосты.