Жетісу облысында Отан қорғаушылар күніне орай елдік рух пен ерлік ұғымын ұлықтаған ерекше мәдени жоба жұрт назарына ұсынылды. Жетісу өңірінде әскери-патриоттық рухты көтеру мақсатында «Бейбіт елдің қалқаны» атты муралдың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Тағылымы терең туынды қоғамдық кеңістікті көркейтіп қана қоймай, жас буынның жүрегіне отансүйгіштік рух дарытуды көздеген мазмұнды бастамаға айналды.
Тегінде, қабырғаға бедерленген әрбір бейне мен бояудың астарында уақыттың үні, елдің мұраты жатады. Осы ретте «Көктем» ықшамауданындағы еңселі мурал бейбітшілік пен батырлықтың, серт пен сенімнің, елдік пен ерліктің көркем бейнесіндей әсер қалдырады. Онда баһадүр бабалардың айбыны, бүгінгі сарбаздардың келбеті мен келешек ұрпақтың жарқын бейнесі сабақтасып, халықтың азат рухы мен бейбіт күннің қадірі көрініс тапқан.
Ерекше атап өтерлігі, аталмыш муралдың көркемдік тұжырымдамасы «Zhetisý jastary» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бастамасымен жасанды интеллект технологиясы арқылы әзірленген. Заманауи цифрлық мүмкіндіктер мен ұлттық рухты сабақтастырған тың жоба үш күн ішінде жүзеге асқан. Қысқа мерзімде бой көтерген ауқымды туынды шаһар келбетіне жаңа сипат беріп, қоғамдық ортаға соны тыныс әкелді.
Жобаның басты мақсаты – жастар арасында әскери-патриоттық тәрбиені нығайту, елге деген сүйіспеншілікті арттыру және әскери қызметтің маңызын кеңінен насихаттау. Сонымен қатар бейбіт өмірдің қадірін ұғындырып, ел тыныштығын күзетіп тұрған азаматтардың еңбегін дәріптеу арқылы жас ұрпақтың бойында жауапкершілік пен азаматтық ұстанымды қалыптастыру көзделген.
Салтанатты рәсімге Жетісу облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, полковник Медет Тұрыскелдиев пен «Zhetisý jastary» КММ директорының міндетін атқарушы Арнай Байжурынов қатысты. Шара барысында қонақтар муралдың көркемдік мазмұнымен танысып, жобаның жүзеге асырылу барысы жөнінде пікір алмасты. Іс-шараға жастар, қоғам белсенділері, шығармашылық орта өкілдері және қала тұрғындары қатысты.
Жиында сөз алған Медет Болатұлы муралдың терең мазмұнына тоқталды.
– Бұл муралда батырлардың үш кезеңі бейнеленген. Халқымыздың асыл құндылығы, бейбіт өмірдің көркем туындысы деп санаймын. Мұндай дүниелер жас ұрпақты патриоттық сезімге баулиды. Себебі ел тарихын, батыр бабалардың ерлігін өнер арқылы көрсету – ұлт рухын көтерудің бір жолы, – деді ол.
Ал Арнай Рақымбердіұлы мұндай бастамалардың қоғам үшін маңызы зор екенін атап өтті.
– Бүгінгі жас буынның санасына елдік рух пен отансүйгіштік қасиетті сіңіру – баршамызға ортақ міндет. «Бейбіт елдің қалқаны» муралы сол мақсатқа бағытталған тағылымды жобалардың бірі. Қазіргі жастар технология дәуірінде өсіп келеді. Сондықтан ұлттық құндылықтарды насихаттауда заманауи тәсілдерді пайдалану аса маңызды. Осы орайда жасанды интеллект арқылы әзірленген бұл туынды – шығармашылық пен технологияның үндескен көрінісі. Мұндай бастамалар жастарды өнерге жақындатып қана қоймай, олардың елге, жерге деген құрметін арттырады. Бейбіт өмірдің қадірін сезіну, Отан алдындағы жауапкершілікті ұғыну – нағыз азаматтықтың белгісі. Біз әскери қызметшілердің еңбегін дәріптеу арқылы өскелең ұрпақтың бойында қайсарлық пен адалдық қасиеттерін қалыптастыруды көздейміз. Алдағы уақытта да осындай жобалар жалғасын табуы керек. Елге қызмет ету – тек қару асынып шекара күзету емес, халықтың рухын көтеру, қоғамдық сананы жаңғырту, жастарға дұрыс бағыт көрсету, – деді ол.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фототілші: Қанат Умиралинов