Талдықорғандық 11 батыр анаға «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» табысталды

Талдықорғандық 11 батыр анаға «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» табысталды

Бүгін қала әкімдігінің мәжіліс залында 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында көпбалалы аналарды ұлықтауға арналған салтанатты шара өтті. Іс-шараға қала әкімінің орынбасары Жеңіс Андабеков қатысып, ардақты аналарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» мемлекеттік наградаларын табыстады.

Мерекелік жиында барлығы 11 ана марапатқа ие болды. Олардың бесеуі «Алтын алқа», алтауы «Күміс алқа» төсбелгісімен наградталды.

Жиында сөз алған қала әкімінің орынбасары аналардың қоғамдағы орны ерекше екенін атап өтіп, олардың еңбегі мемлекет тарапынан әрдайым жоғары бағаланатынын жеткізді.

- Ана ұлттың ұйытқысы, отбасының берекесі. Сіздердің мейірім мен тәрбиеге толы еңбектеріңіз еліміздің жарқын болашағының кепілі. Бүгінгі марапат сіздерге деген зор құрмет пен шынайы ризашылықтың белгісі, - деді Жеңіс Андабеков.

«Марапат иелерінің бірі, көпбалалы ана Гүлерке Қабылова өз әсерімен бөлісіп, көрсетілген құрметке ризашылығын білдірді.

- Бұл марапат тек менің емес, барша отбасының қуанышы. Ана болу үлкен бақыт әрі асқан жауапкершілік. Балаларымның амандығы мен тәрбиелі азамат болып өсуі өмірлік мұратым. Осындай құрмет көрсеткен мемлекетке алғысым шексіз, – деді.