
Жетісу облысы Талдықорған қаласындағы "City Plus" орталығы алаңында Ұлттық кітап күні кең көлемде аталып өтті. Облыстық С. Сейфуллин атындағы орталық кітапхана бастамасымен ұйымдастырылған «Кітап – ұлттың ұлы байлығы» атты мәдени іс-шараға өңір тұрғындары, зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, өнер қайраткерлері мен жастар жиналды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Іс-шара мазмұнды әрі танымдық бағдарламамен ерекшеленді. Қатысушылар арасында өткен сұрақ-жауап форматындағы викториналар мен ойындар кітап пен әдебиетке деген қызығушылықты арттыруға бағытталды. Сонымен қатар «Ой. Рух. Ақыл: Ұлы дала ойшылдары» атты көрме мен мотивациялық және психологиялық әдебиеттер экспозициясы келушілердің ерекше ықыласын тудырып, туған өлкенің философиясы мен тарихына қызығушылықты дамытуға, өзін-өзі жетілдіру, сыни ойлау және тұлғалық дамуға баулуға арналды.
Кездесу барысында Жетісу облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қуаныш Сүлейменов сөз сөйлеп, Ұлттық кітап күні – рухани құндылықтарды дамытуға бағытталған және ұлттың зияткерлік әлеуетін айқындайтын маңызды мереке екенін атап өтті.
– Бүгінгі іс-шара – кітапқа деген құрметтің және оқырман мәдениетін қалыптастыру бағытындағы жүйелі жұмыстың айқын көрінісі. Қазіргі таңда кітапханалар тек кітап сақтайтын орын ғана емес, білім мен технологияны ұштастыратын заманауи рухани орталықтарға айналуда. «Кітап сыйла» акциясы аясында кітапхана қорлары жаңа басылымдармен толықтырылуда. Бұл – оқырмандар санын арттырып, жастардың кітапқа деген қызығушылығын оятудағы маңызды қадам. Алдағы уақытта оқу мәдениетін дамыту жұмыстары жалғасады, – деген ол мұнан соң «JANR» әдеби клубының «Жайдары жаз…» антологиясының таныстырылымына қатысты.
Атап өтсек, «Кітапханаға кітап сыйла» акциясы барысында кітап қоры 400-ден астам жаңа басылыммен толықты. Белсенді оқырмандар мен авторлар өз туындыларын сыйға тартып, рухани байлықтың артуына үлес қосты.
Келушілер кітап жәрмеңкесіне ерекше назар аударды. Екі мыңнан астам баспа өнімі, соның ішінде көркем әдебиеттен бастап заманауи нон-фикшн жанрына дейінгі кітаптар әр адамға өз қызығушылығына сай таңдау жасауға мүмкіндік берді. Атап айтқанда, «Байлық кітапта» дүкені шамамен 70 кітап ұсынып, оқырмандар сұранысына ие болса, «Saybook.kz» кітап дүкені әкелінген 150 кітаптың үштен бірін сатты.
М. Тынышпаев атындағы Кітап үйі ЖШС басшысы Елена Шарф атап өткендей, бүгінгі таңда оқу дәстүрін сақтау ғана емес, кітаптың білім мен шабыт көзі ретіндегі құндылығын еске салу да маңызды.
– Біз мемлекеттік және орыс тілдеріндегі жаңа кітаптарды ұсындық: көркем әдебиет пен нон-фикшн жанрындағы кең таңдау бар. Бұл – психология мен өмірбаяндық деректерге негізделген заманауи әдеби бағыт. Әркім өзіне ұнайтын кітапты табатынына сенімдімін. Оқу ой-өрісті дамытады, ал жақсы кітап әрдайым бағалы сый болып қала береді, – деді ол.
Бұл ой жәрмеңке барысында айқын көрініс тапты. Балаларымен келген көпбалалы ана Меруерт отбасының әр мүшесіне лайық кітаптарды таңдап алғанын айтады.
– Ұлыма қаржылық сауаттылық туралы кітап сатып алдым, жасы кішкентай болса да, оған бұл тақырыпқа қатты қызығады. Өзіме де психологияға қатысты кітаптар ұнайды. Қызымызға мистикалық жанрды, ал жұбайыма әскери тақырыптағы кітапты сыйлыққа аламын. Ол – әскери қызметкер, жақында мерекесі. Отбасымызда балаларды кішкентайынан кітап оқуға баулуға тырысамыз, – деді ол.
Мерекелік бағдарламада заманауи технологиялар да кеңінен қамтылды.
І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті студенттері жасанды интеллект көмегімен ертегілерді сюжетке айналдырып, балалардың ойлау қабілетін дамытуға бағытталған жобаларын ұсынды. «Smart жүйелерді жобалау» мамандығының 3-курс студенттері Асылбек Оразбаев пен Бексұлтан Мизамов бұл бағыттың болашағы зор екенін атап өтті.
Іс-шара аясында интерактивті алаңдар да ұйымдастырылды: Quizizz платформасы арқылы интеллектуалды ойындар, «Жұбын тап» байқауы, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, робототехника, қолөнер және поэзиялық батл қатысушылардың белсенділігін арттырды. Сонымен қатар жасанды интеллект тақырыбында арнайы таныстырылым өткізіліп, оның білім мен мәдениет саласындағы мүмкіндіктері жан-жақты түсіндірілді.
Еске салсақ, Ұлттық кітап күні елімізде өткен жылдан бері аталып өтуде. Бұл игі іс Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынды. Осыған орай кітап күніне арналған шара өңірдің әдеби-мәдени өміріне жаңа серпін беріп, кітап оқуға деген қызығушылықты арттыра түсуге ықпал еткені анық.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі