
Бүгін Талдықорған қаласында ерекше қуанышқа толы күн. Тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал санаттағы 65 отбасы жаңа баспанаға қол жеткізіп, көптен күткен қоныс тойларын атап өтті.
Салтанатты шарада қала әкімі Ернат Бәзіл жаңа пәтер кілттерін табыстап, тұрғындардың қуанышына ортақтасты. Жаңа үйлер қаланың Қ.Жалайыр даңғылы бойында орналасқан заманауи тұрғын үйлерден берілді.
Қала әкімі Ернат Бәзіл:
– Облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың қолдауының арқасында Талдықорғанда тұрғын үй құрылысы қарқынды дамып келеді. Соның нәтижесінде өткен жылы 175 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 630-дан астам азамат қоныс тойын тойлады. Ал биылғы жылдың басынан бері 249 адам баспанамен қамтылып, бүгін тағы 65 отбасы жаңа үйге ие болып отыр. Бұл бағыттағы жұмысты алдағы уақытта да жалғастырып, тұрғындарды жайлы әрі қауіпсіз баспанамен қамтамасыз ету басты міндетіміз, – деді.
Сондай-ақ қала басшысы жаңа қоныс иелерін шын жүректен құттықтап, шаңырақ иелеріне ақжарма тілегін жеткізді.
Жаңа пәтерге қол жеткізіп, қуанышы еселенген жандардың қатарында көпбалалы аналардың бірі Жанар Сагимова да бар.
«Қуанышымызда шек жоқ! Жаңа баспанамыз балаларымыздың жарқын болашағына жасалған үлкен қадам. Осындай мүмкіндікке ие болуымыз облыс пен қала әкімдері бастаған басшылардың қолдауының арқасы. Барша қоныс иелерін шын жүректен құттықтаймын!», - деді.