Талдықорғанда қант қызылшасы алқабы 134 гектарға жетті

Талдықорғанда қант қызылшасы алқабы 134 гектарға жетті

Облыс орталығы Талдықорғанда көктемгі дала жұмыстары қарқын алып, диқандар алқап басында тынымсыз еңбек етуде.

Биыл қала бойынша 6 мыңнан астам гектар жер игерілмек. Оның 134 гектары қант қызылшасына тиесілі. Қазіргі таңда тәтті түбірді егу жұмыстары жалғасып жатыр. Жалпы көктемгі науқан жоспарға сай жүргізілуде, ал себу жұмыстары сәуір айының соңында аяқталады деп күтілуде.

Ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, өткен жылы 89 гектарға қант қызылшасы егілсе, биыл бұл көрсеткіш 134 гектарға дейін жеткен. Мамандар мұны өңірдегі негізгі дақылға деген сұраныстың артуымен байланыстырады. Соның нәтижесінде егіс алқаптарының көлемі жыл сайын кеңейіп, бұл бағыттағы жұмысты 7 шаруа қожалығы жүргізіп отыр.

Сонымен қатар, шаруалар мемлекеттік қолдаудың арқасында жыл басынан бері 9 бірлік жаңа ауыл шаруашылығы техникасын сатып алған. Бұл өз кезегінде дала жұмыстарының тиімділігін арттыруға мүмкіндік беруде.

«Биыл тұқыммен қамтамасыз ету мәселесі толық шешілді. Көксу қант зауыты тарапынан сапалы тұқым қажетті көлемде жеткізілді. Біз негізінен Франция мен Германияның сұрыптарын пайдаланамыз. Бұл тұқымдар еліміздің климатына жақсы бейімделген. Тиісті күтім мен табанды еңбектің арқасында биыл мол өнім аламыз деп жоспарлап отырмыз», – дейді «Тәжірибе ХХІ» шаруа қожалығының басқарушысы Бірлік Ансамбаев.

Еске салсақ, өңірде қант қызылшасын өсіру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл ауыл шаруашылығы саласының дамуына серпін беріп қана қоймай, отандық қант өндірісін арттыруға да оң ықпал етпек.