Талдықорған теміржол вокзалына Астанадан алғашқы тікелей пойыз келді. Сөйтіп 9 сәуірде ресми түрде іске қосылған «Астана – Ақтоғай – Талдықорған» жаңа бағыты өңір үшін үлкен өзгерістер мен жаңа мүмкіндіктерге жол ашып отыр.
Талдықорған мен Астана арасындағы тікелей теміржол қатынасының болмауы өзекті мәселелердің бірі болатын. Тұрғындар Астанаға баратын пойызға отыру үшін алдымен Алматыға жетіп, артық уақыты мен қаражатын жұмсауға мәжбүр еді. Енді бұл мәселе өз шешімін тапты.
Аталған іс-шараға арнайы қатысқан Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл жаңа бағыттың іске қосылуы тек көлік қатынасының қолжетімділігіне ғана емес, сонымен қатар экономика мен туризмді дамытуға жаңа мүмкіндіктер беретінін айтты. Сол сияқты жобаны жүзеге асыруға атсалысқан барлық азаматтарға, соның ішінде Парламент депутаттарына, Көлік министрлігіне және «Қазақстан Темір жолы» компаниясына алғыс білдірді.
Талдықорған тұрғындары мен қала қонақтарын бұл маңызды оқиғамен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Наурыз Сайлаубай, Теміржол және су көлігі комитеті төрағасының орынбасары Елдос Нестай, «Жолаушылар тасымалы» АҚ басқарма төрағасы Дияр Нүсіпқожанов та құттықтады.
- Жаңа бағыт тұрғындардың өтініші негізінде қолға алынды. Пойыздар әзірге күнара жүреді, сөйтіп елорда мен Жетісу облысы арасында тұрақты әрі ыңғайлы қатынас жанданды. Жылжымалы құрамды жаңарту және маршруттық желіні кеңейту көлік саласының стратегиялық міндеттерін жүзеге асырудағы басым бағыттардың бірі болып қала береді, - деп атап өтті Д. Нүсіпқожанов.
Бұл ретте жолаушылардың жайлылығына ерекше көңіл бөлінген. Пойыз бағытында климатты бақылау, ауаны залалсыздандыру, бейнебақылау және өрт қауіпсіздігі жүйелерімен жабдықталған заманауи «45» сериялы (RWS Wagon) вагондар пайдаланылуда. Жолаушылар үшін Wi-Fi, USB порттары, розеткалар, ыңғайлы ұйықтайтын орындар қарастырылған.
Талдықорған тұрғындары да қуаныштарын жасырған жоқ. Олар енді Астанаға сапар шегу әлдеқайда жеңіл әрі жайлы болатынын айтады.
Солардың бірі — Балқаш қаласына баруға билет алған Бейбіт Арсамбаев пен Жұмағүл Ақбаеваның отбасы.
- Біз Балқаш қаласына бара жатырмыз, онда немерелеріміз тұрады. Бұрын Үштөбе қаласына барып пойызға отырып, Ақтоғайда «Семей – Астана» бағытына қайта мінуге тура келетін. Енді Балқашқа тікелей бара аламыз, соған өте қуаныштымыз. Әсіресе біз сияқты зейнеткерлер үшін, жалпы барлық қарт адамдарға бұл өте ыңғайлы. Осы бағытты іске қосуға атсалысқан барша жандарға алғысымызды білдіреміз. Алдағы уақытта екі вагон емес, төрт-бес вагон болса дейміз, — деді олар.
Астана қаласынан келген жолаушылардың арасында Қатилан апа да бар.
- Кейбіреулер 28 сағат жол жүру ұзақ дейді. Меніңше, олай емес, мысалы кеше таңертең пойызға отырдым, бүгін түсте үйдемін. Есептеп қарасақ, «Астана – Алматы» бағытына да шамамен осынша уақыт кетеді, оған қоса Алматыдан Талдықорғанға дейін такси іздейсің, оны күтесің және жол жүру тағы бар. Ал мұнда әуреленбей, жайлы жағдайда бірден туған қалаңа жетесің. Билет бағалары да қолжетімді - плацкартқа 16 мың теңге, купеге 21 мың теңге, - деп ол.
Жалпы, сарапшылар теміржол қатынасының іске қосылуы өңірдің дамуына серпін беріп, экономикалық байланыстарды нығайтып, Жетісу облысының туристік тартымдылығын арттырады деп сенеді.
Еске салсақ, «Астана–Талдықорған» теміржол бағыты күнара қатынап, елорда мен Жетісу облысы арасындағы тұрақты байланысты қамтамасыз етеді. Астанадан вагондар №122/121 «Нұрлы жол – Семей» пойызының құрамында жүріп, Ақтоғай станциясында №631/632 «Ақтоғай – Талдықорған» пойызына тіркеледі, одан әрі Талдықорған станциясына дейін жалғасады.
Астанадан («Нұрлы жол») жөнелту - тақ күндері сағат 06:32-де, Талдықорғанға келу - 11:05-те. Қайтар бағытта Талдықорғаннан жұп күндері сағат 12:15-те шығып, Астанаға 19:30-да жетеді. Жол жүру уақыты шамамен 28 сағат.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фотограф: Дмитрий Ерофеев