
«Талдықорған-Астана» бағытында тікелей жолаушылар қатынасы іске қосылды
Бүгін Талдықорған қаласының тарихында ерекше күн ретінде есте қалмақ. «Талдықорған – Астана» арасындағы жаңа теміржол бағыты ресми түрде іске қосылып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Бұл маңызды оқиға өңірдің көлік инфрақұрылымын дамытудағы үлкен қадамдардың бірі саналады.
Салтанатты шара барысында қала тұрғындары мен қонақтары Астанадан келген алғашқы пойызды зор қуанышпен қарсы алды. Айтулы күнге орай ұйымдастырылған жиында қала әкімі Ернат Бәзіл сөз сөйлеп, барша жиналған қауымды құттықтады.
Қала әкімі Ернат Бәзіл:
«Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында, облыс әкімі Бейбіт Өксікбайұлының қолдауымен Талдықорған қаласының вокзалы бүгін жаңа келбетке ие болып отыр. Бұл- тек жаңа бағыт қана емес, бұл – жаңа мүмкіндіктер. Енді тұрғындар үшін қатынас қолжетімді бола түсіп, өңіріміздің экономикалық және туристік әлеуеті арта түспек», – деді.
Жаңа бағытта «ЗИКСТО» акционерлік қоғамы шығарған 45-модельдегі «RWS Wagon» маркалы 4 жаңа отандық вагон пайдалануға берілді. Бір құрамда 2 вагон қарастырылған: оның ішінде 36 орындық 1 купе вагоны және 52 орындық 1 плацкарт вагоны бар. Жалпы сыйымдылығы – 88 орын. Яғни, бір бағытта шамамен 88 жолаушыны тасымалдауға мүмкіндік бар.
Пойыз Астана қаласынан күнара, тақ күндері қатынайды. Бір бағыттағы жол жүру уақыты 28 сағат. Ал Талдықорған қаласынан пойыз жұп күндері жөнелтіледі. Жол жүру уақыты да 28 сағатты құрайды.
Жаңа теміржол бағыты жолаушылар ағынын арттырып қана қоймай, Талдықорған қаласының инвестициялық тартымдылығын күшейтеді деп күтілуде. Сонымен қатар, бұл бастама ішкі туризмді дамытуға да серпін бермек.