Бүгін Жетісу облысының орталығында 55 жеке тұрғын үй пайдалануға берілді. Кезекте тұрған әлеуметтік осал топтағы азаматтарға жаңа баспаналардың кілтін облыс әкімі Бейбіт Исабаев тапсырды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Қоныс иелерін құттықтаған өңір басшысы әр отбасының өз баспанасының болуы олардың өмір сүру сапасына оң әсер ететінін атап өтті.
- Бүгін «Жастар-3» тұрғын алабында жер үйлердің кілтін тапсырғалы отырмыз. Бұл үйлердің алдында 5-6 сотық жері бар. Оған бау-бақша егіп, пайдаланатын боласыздар. Электр жарығы, суы, газы тартылған. Жолдарды асфальттау жұмыстары аяқталуға жақын. Автобус маршрутын да жүргіземіз. Үлкен мектеп, фельдшерлік акушерлік пункт, саябақ салынады. Сөйтіп бұл тұрғын алап жайлы коттедж қалашығына айналады, - деген Б. Исабаев азаматтарға үйлердің кілтін тапсырды.
Жаңа қонысқа ие болғандардың бірі Лейла Алексеева:
- Мен балалар үйінде тәрбиелендім. 2013 жылдан бері «жетім балалар» санатында кезекте тұрдым. Бүгін көптен күткен үйіме қол жеткізіп отырмын. Қазір үш балам бар, олар да қуанып жатыр. Оған қоса алдыңғы және былтырғы жылдары менің туған бауырларым да үйлі болды. Бізге көрсеткен қамқорлығы үшін мемлекетке ризамыз, - деді ол.
Бүгін баспаналы болғандардың тағы бірі көп балалы ана Әсел Байтұманова да қуанышын жасырмады:
- Өзім шаштараз болып жұмыс істеймін. Бес балам бар. Балаларымның 4-еуі мектепте оқиды. Олар қаланың әр мектебінде оқып жүр. Кілт беру салтанатында болашақта мұнда жаңа білім ошағы салынатынын естіп, қуанышымыз еселене түсті - деді ол.
Сол сияқты осы күні қуанышқа кенелгендер арасында көп балалы әке Азамат Мырзағалиұлы да бар:
– Жасым 46-да. Зайыбым екеуміз 5 бала тәрбиелеп өсіріп отырмыз, олардың алды 20 жаста, кішісі – 10-да. Үй алу кезегіне 2017 жылы тұрғанбыз, баспанаға бүгін қол жеткіздік. Жаңа үйге жақын күндерде көшіп келеміз. Біраз уақыт осы үйлердің құрылыс жұмысында істедім. Үйлердің шатырын жауып, сыртын қаптадық. Баспана сапалы салынғанына өзім куә болған едім, енді бүгін осы ауданның тұрғыны атанып жатырмыз. Қуанышымызда шек жоқ. Балаларымыздың несібесі деп білемін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! – деді А. Мырзағалиұлы.
Атап өтсек, Талдықорған қаласындағы бұл «Жастар-3» тұрғын алабында жобаға сәйкес 790 жеке тұрғын үй салу жоспарланған, соның 309-ының құрылысы аяқталған. Соның ішінде бүгінгі үйлерді қосқанда 166 үй пайдалануға берілді. Қазіргі кезде тағы 250 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Жалпы жобаны 2027 жылы аяқтау жоспарланған. Сондай-ақ әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту ісі де қатар жүргізілуде. Аталған ауданда 1200 орынды мектеп, фельдшерлік-амбулаториялық пункт, учаскелік полиция пукті, спорт кешені салынады, сол сияқты саябақ пен аллея абаттандырылады. Аталған нысандардың бірқатарының жобалық құжаттары дайындалуда.
Жалпы, өткен жылы қалада 630-дан астам адам жаңа қонысқа ие болса, жыл соңына дейін шамамен 1 400 тұрғынды баспанамен қамту жоспарланып отыр. Қазіргі таңда облыс орталығында 20 000-нан астам адам тұрғын үй кезегінде тұр.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.