Аруна Бибатыр «Наурыз Аруы – 2026» байқауының жеңімпазы атанды

Аруна Бибатыр «Наурыз Аруы – 2026» байқауының жеңімпазы атанды

Наурызнаманың онкүндігі аясында бүгін облыс орталығы – Талдықорған қаласында «Ұлттық киім» күніне орай «Наурыз Аруы – 2026» сұлулық байқауының ақтық кезеңі өтті.

Отыз үміткердің арасынан іріктеліп шыққан 14 қатысушы өз өнерлерін ортаға салып, ұлттық киімдердің сан алуан үлгісін паш етті. Көрермендер арулардың сахнадағы өнеріне жоғары баға беріп, ыстық ықыластарын білдірді.

Байқаудың ең әсерлі кезеңдерінің бірі – ұлттық киімдерден құралған этно-дефиле болды. Бұл бөлімде қала тұрғындары мен қонақтары әр өңірге тән дәстүрлі киім үлгілерін тамашалап, олардың тарихы мен мазмұнына тереңірек қанықты. Сахнада ұсынылған әрбір образ ұлттық болмыс пен мәдени мұраны дәріптеуге бағытталды.

Жеңімпаздарды қала әкімінің орынбасары Жеңіс Андабеков марапаттап, арнайы сыйлықтар табыстап, қатысушыларға алдағы уақытта сәттілік тілеп, жиналған жұртшылықты алда келе жатқан Наурыз мейрамымен құттықтады.

Айта кетейік, «Наурыз Аруы – 2026» байқауының бас жүлдесін Абай атындағы №1 орта мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы Аруна Бибатыр иеленді.