
Бүгін қала әкімдігінің мәжіліс залында қала әкімі Ернат Бәзіл саяжай қоғамының төрағаларын қабылдады.
Қабылдауға келген төрағалар жер учаскелерін түзету мәселесін көтерді. Олардың айтуынша, жер учаскелерінің құжаттарын заңдастыру кезінде қиындықтар туындап, тұрғын үйлердің мекен-жайлары саяжайлар бойынша дұрыс көрсетілмей қалған. Бұл мәселе әсіресе Үйтас саяжайында байқалуда.
Жиынға қатысқан «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Жетісу облысы бойынша филиалының директоры Абзал Омаров саяжай төрағаларына заң талаптарын түсіндіріп, туындаған сұрақтарына жауап берді. Оның айтуынша, кейбір тұрғындарда аталған мәселелер бар және оны шешу үшін жерге орналастыру жобасын әзірлеуге арыз беру қажетігін айтты.
Еске салсақ, биыл Талдықорған қаласының бас жоспары бекітілді. Алдағы уақытта саяжайлар тұрғын үй алабы мәртебесін алады. Бұл көп жылдан бері өзекті болып келген мәселелерді шешуге мүмкіндік бермек.
Жиынды қорытындылаған қала әкімі тұрғындарға заң талаптарын түсіндіруді, жауапты мекеме басшыларына тұрғындардың мүддесін ескеріп, мәселені тиімді әрі уақытылы шешуді тапсырды. Сонымен қатар, мәселе толық шешілгенге дейін қатаң бақылауды қамтамасыз ету керектігін айтты.