
Талдықорған қаласының Салтанат сарайында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында көпбалалы аналарды ұлықтауға арналған салтанатты шара өтті. Шараға қала әкімі Ернат Бәзіл арнайы қатысып, ардақты аналарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» мемлекеттік наградаларын табыстады.
Мерекелік жиында барлығы 11 ана марапатқа ие болды. Олардың біреуі «Алтын алқа», қалғандары «Күміс алқа» төсбелгісімен наградталды.
Құттықтау сөзінде қала әкімі көпбалалы аналардың қоғамдағы орны ерекше екенін атап өтті.
– Ана болу зор жауапкершілік пен шексіз мейірімділікті қажет ететін қасиетті миссия. Сіздер тәрбиелеп отырған ұрпақ еліміздің ертеңі. Бүгінгі марапат мемлекет тарапынан көрсетілген құрмет пен сенімнің белгісі. Әр шаңыраққа амандық, ұрпақтарыңызға жарқын болашақ тілеймін, – деді Ернат Бәзіл.
«Алтын алқа» иегері, 7 баланың анасы Еңілік Тәжиева:
– Бүгінгі марапат мен үшін ғана емес, бүкіл отбасым үшін үлкен қуаныш. Ана болу бақыт әрі жауапкершілігі мол жол. Балаларымның амандығы мен тәрбиелі болып өсуі менің басты арманым. Осындай құрмет көрсетіп жатқан мемлекетке алғысымды білдіремін. Әрбір анаға денсаулық, әр шаңыраққа береке тілеймін, – деді.
Мерекелік шара жылы лебіздер мен ізгі тілектерге толы өтті. Дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан бұл салтанатты шара аналардың еңбегіне деген құрмет пен көпбалалы отбасыларға қолдау көрсетудің нақты көрінісі болып табылады.