Талдықорғанда 28 отбасы қоныс тойын тойлады

Талдықорғанда 28 отбасы қоныс тойын тойлады

Бүгін Талдықорғанда тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал санаттағы 28 отбасыға бір, екі және үш бөлмелі жаңа баспаналар табысталды. Пәтер кілттерін қала әкімі Ернат Бәзіл салтанатты түрде тапсырды.

Жаңа баспана қаланың «Жастар-3» тұрғын үй алабынан, «Шығыс» шағын ауданынан және Қ. Жалайыри даңғылы бойынан берілді.

Қала әкімі Ернат Бәзіл:

– Облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың қолдауының арқасында Талдықорған қаласында тұрғын үй құрылысының қарқыны жыл сайын артып келеді. Өткен жылы 600-ден астам қала тұрғыны баспаналы болды. Ал биылғы жылдың басынан бері 80-ге жуық азамат өз пәтерлеріне қол жеткізді. Бұл бағыттағы жұмысты бәсеңдетпей, тұрғындарды жайлы әрі қауіпсіз баспанамен қамтамасыз етуді жалғастырамыз. Бүгін баспана алып, шаттыққа бөленіп жатқан отбасыларды шын жүректен құттықтаймын. Жаңа қоныстарыңыз тек шаттық пен берекеге толы болсын, – деді.

Жаңа пәтерге қол жеткізіп, қуанышы еселенген жандардың қатарында көпбалалы ана Бақыт Бозтаева да бар. Ол тұрғын үй кезегінде 10 жылға жуық уақыт тұрған.

Бүгін қала әкімінің қолынан үш бөлмелі пәтердің кілтін алған көпбалалы ана қуанышымен бөлісіп, ағынан жарылды:

«Осы күнді ұзақ күттім. Балаларымның өз шаңырағы, жылы әрі жайлы баспанасы болғанына шексіз қуаныштымын. Қиындықтың артында міндетті түрде қуаныш бар екен. Қолдау көрсеткен облыс, қала әкіміне үлкен алғысымды білдіремін», – деді Бақыт Бозтаева.