
Бүгін Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл Қоғамдық Кеңес мүшелері алдында 2025 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары бойынша есеп беріп, алдағы кезеңге арналған жоспарларымен бөлісті.
«2025 жылдың қорытындысы бойынша қаланың барлық негізгі салаларында өсім қамтамасыз етілді. Өнеркәсіп, құрылыс, сауда және ауыл шаруашылығы бағыттарындағы оң динамика – экономиканың тұрақты дамып келе жатқанын көрсетеді. Бұл ең алдымен жаңа өндірістерді іске қосу, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды кеңейту және инвестиция тарту жұмыстарының жемісі», – деді қала әкімі.
Кездесу барысында Қоғамдық Кеңес мүшелері қала әкімінің өткен жылы атқарған жұмыстарына оң баға беріп, шаһардың даму қарқынының жақсы екенін атап өтті. Сонымен қатар, тұрғындарды толғандыратын бірқатар өзекті мәселелер көтерілді.
Атап айтқанда қоғамдық көлікті жаңарту, жаңадан салынатын нысандардың мүмкіндігі бар азаматтарға қолжетімді болуы, «Ынтымақ» тұрғын үй алабының жолдарын жөндеу және сәуір айында іске қосылатын «Талдықорған–Астана» теміржол бағыты бойынша, әсіресе әлеуметтік осал топтағы азаматтарға жеңілдіктер қарастыру мәселесін көтерді.
Қала әкімі әрбір сұраққа жеке тоқталып, жан-жақты жауап берді. Кейбір мәселелерді қатаң бақылауына алатынын жеткізіп, түйткілді сұрақтарды оңтайлы шешу үшін тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
Қала басшысы абаттандыру мен жол жөндеу жұмыстары да кезең-кезеңімен жүзеге асып жатқанын атап өтті.
«Қаланың шет аймақтары мен ұзақ жылдар жөндеу көрмеген аулаларды ретке келтіру біздің басты міндетіміздің бірі. Биыл да бұл жұмыстар жалғасады. Жол сапасын жақсарту, қауіпсіз орта қалыптастыру және әлеуметтік нысандар салу арқылы тұрғындардың өмір сапасын арттыруды көздеп отырмыз», – деді Ернат Бәзіл.
Қала әкімі алдағы уақытта да экономикалық өсімді сақтап, инфрақұрылымды дамыту және тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту бағытындағы жұмыстар жалғасатынын жеткізді.