Дайыров көшесінде кешенді жаңғырту жұмыстары жүргізіледі

Дайыров көшесінде кешенді жаңғырту жұмыстары жүргізіледі

Биыл облыс орталығы Талдықорған қаласында жол инфрақұрылымын жақсарту мақсатында жалпы ұзындығы 27,5 шақырымды құрайтын 11 көшеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Орташа жөндеу жұмыстары жоспарланған көшелердің қатарында қала орталығындағы Дайыров көшесі де бар. Ұзындығы 0,3 шақырымды құрайтын бұл учаскеде жол жабыны жаңартылып, арық жүйелері толықтай қалпына келтіріледі. Сонымен қатар, көше бойында ретсіз орналасқан сауда нысандары біріздендіріліп, қаланың сәулеттік келбетіне сәйкес ретке келтіріледі.

Орташа жөндеу жұмыстарын «ЖетысуРоудс» ЖШС жүзеге асыратын болады.

Қала әкімі Ернат Бәзіл:

- Тұрғындар тарапынан әлеуметтік желілерде жол сапасына қатысты оның ішінде Дайыров көшесіне қатысты сын-пікірлер айтылуда. Сондықтан биыл атқарылатын жұмыстар сапалы әрі уақытылы орындалуы тиіс. Әсіресе, орталық көшелердің келбеті қала тұрғындары үшін маңызды, – деді.

Айта кетейік, қала аумағындағы көшелерді ретке келтіру жұмыстары биылғы жылдың наурыз айында бастау жоспарлануда.