
Өтенай ауылдық мәдениет үйі биылғы жылы қатарынан төртінші мәрте Жетісу облысының аудан қалалары арасында Үздік көрсеткіш көрсетіп, І -орын иеленді. Бұл көрсеткіш мекеме қызметінің тиімді ұйымдастырылғанын және мәдениет саласындағы жұмыстың жүйелі түрде жүзеге асырылып отырғанын дәлелдейді.
Бүгінде Өтенай ауылдық мәдениет үйі өңірдегі ең белсенді әрі нәтижелі мәдениет ошақтарының біріне айналған. Мәдениет үйінің құрылымында 5 мекеме жұмыс істейді: Өтенай, Еңбек, Мойнақ ауылдық мәдениет үйлері және «Нашар еститін», «Нашар көретін» қоғамдық клубтары. Мекемеде 93 штаттық бірлік халыққа мәдени-көпшілік іс-шаралар ұйымдастырып, тұрақты қызмет көрсетуде.
Қазіргі таңда мәдениет үйінде «Халықтық», «Үлгілі» атағы бар 21 өнер ұжымы қызмет атқарады. Аталған ұжымдар құрамында 700-ден астам бала, 1857 жас және 100-ден астам аға буын өкілдері өнермен тұрақты айналысады. Жалпы 46 үйірме жұмыс істейді, оған 763 адам қатысады. Ауылдық жерлерде 30 үйірме ұйымдастырылып, қатысушылар саны 611 адамды құрайды. Оның ішінде 23 балалар үйірмесіне 546 бала тартылып, өнерге алғашқы қадамдарын жасауда.
Үйірмелер бағыты сан алуан атап айтсақ, вокал, домбыра, хореография, бейнелеу өнері, батагөйлік өнер, балалар театры және қолөнер. Аталған бағыттар жас ұрпақтың шығармашылық қабілеттерін дамытуға, ұлттық өнер мен құндылықтарды дәріптеуге бағытталған.
2025 жылы мәдениет үйінің ансамбльдері халықаралық, республикалық және облыстық деңгейдегі байқаулар мен фестивальдерге белсенді қатысып, жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Жыл басынан бері барлығы 28 байқауға 600-ге жуық өнерпаз қатысқан. Оның ішінде 22-сі халықаралық, 5-еуі республикалық, 3-еуі облыстық деңгейде өткізілді. Нәтижесінде 21 ұжым Гран-при иегері атанса, 7 ұжым І орын, 2 ұжым ІІ орын иеленді.
Жетісу облысы көлемінде қатарынан төрт жыл бойы І орынды иелену мекеменің жүйелі жұмыс істейтінін, мәдени қызметтің сапалы әрі нәтижелі екенін айқындайды.