
Бүгін Талдықорғанда тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал санаттағы 16 отбасыға екі және үш бөлмелі жаңа баспаналар табысталды. Пәтер кілттерін қала әкімі Ернат Бәзіл салтанатты түрде тапсырды.
Жаңа баспана қаланың «Жастар-3» тұрғын үй алабынан, «Шығыс» шағын ауданынан және Қ. Жалайыри даңғылы бойынан берілді. Пәтерлердің 8-ы екі бөлмелі, 7-еуі үш бөлмелі.
Қала әкімі Ернат Бәзіл:
– Облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың қолдауының арқасында Талдықорған қаласында тұрғын үй құрылысының қарқыны жыл сайын артып келеді. Өткен жылы 600-ден астам қала тұрғыны баспаналы болды. Ал биылғы жылдың басынан бері 80-ге жуық азамат өз пәтерлеріне қол жеткізді. Бұл бағыттағы жұмысты бәсеңдетпей, тұрғындарды жайлы әрі қауіпсіз баспанамен қамтамасыз етуді жалғастырамыз. Бүгін баспана алып, шаттыққа бөленіп жатқан отбасыларды шын жүректен құттықтаймын. Жаңа қоныстарыңыз тек шаттық пен берекеге толы болсын, – деді.
Еске салсақ, өткен жылы қалада 175 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, құрылыс жұмыстарының көлемі 127,7%-ды құрады. Жалпы көрсеткіш 59,3 млрд теңгеге жетті. Сонымен қатар, қала әкімдігі жанынан құрылған мониторинг тобы ай сайын тұрғын үй қорына түгендеу жұмыстарын жүргізуде. Нәтижесінде жергілікті бюджетке түсетін түсім көлемі артқан. Мәселен, 2025 жылы мемлекеттік тұрғын үй қорындағы пәтерлерді жалға алушылардан бюджетке 114 млн теңгеден астам қаражат түсті. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 1,5 есе, ал 2024 жылмен салыстырғанда 42% өскен.