
Бүгін қала әкімі Ернат Бәзіл «Береке» коттедж қалашығындағы №559-570 үйлердің тұрғындарымен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тұрғындар ас әзірлеуге арналған табиғи газға қосу, шатыр жабындыларын жаңарту, жарық пен ауыз су төлемдерін ай сайын есептеу, сондай-ақ №13 және №27 бағыттағы автобустар үшін жаңа аялдама жол белгісін орнату мәселелерін көтерді.
Қала әкімі тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін мұқият тыңдап, биыл ас әзірлеуге арналған көгілдір отынға толық қосу жұмыстары жүргізілетінін жеткізді. Сонымен қатар, тұрғындардың сұранысы бойынша автобустардың тоқтауы үшін жаңа аялдама жол белгісі орнатылатынын айтты.
Бұдан бөлек, көтерілген өзге де мәселелер бойынша жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар беріп, бақылауға алуды міндеттеді.
- Қалашықта шешімін таппай келген өзекті мәселелер көп болды. Жүйелі жұмыстың және облыс әкімінің қолдауының арқасында бірқатар түйткіл ретке келтірілді. Басты мақсатымыз тұрғындарды жайлы әрі қауіпсіз баспанамен қамтамасыз ету. Осы бағытта аталмыш қалашықта әлі де ауқымды жобалар жүзеге асырылатын болады, – деді қала әкімі Ернат Бәзіл.
Сондай-ақ, кездесуге қала әкімімен бірге Талдықорған қалалық мәслихат төрағасы Темірболат Ахажан және қалалық мәслихатының депутаты Айжан Жұмадилова да қатысып, тұрғындармен жаңа Конституция жобасы бойынша өзара пікір алмасты.