
Бүгін облыс орталығы Талдықорған қаласында көпсалалы заманауи пластикалық және эстетикалық бағыттағы «SR CLINIC» медициналық орталығы ашылды.
Медициналық орталықтың ашылу салтанатына қала әкімі Ернат Бәзіл қатысып, соңғы жылдары қалада заманауи медициналық мекемелердің саны артып келе жатқанын атап өтті.
– Облыс әкімі Бейбіт Өксікбайұлының қолдауымен қалада медицина саласына ерекше көңіл бөлінуде. Өткен жылы Өтенай ауылында бір ауысымда 100 адам қабылдайтын дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. Қазіргі таңда «Оңтүстік-Батыс» ауданында 500 адамға арналған емхана мен 150 орындық оңалту орталығының құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар облыстық балалар ауруханасын жаңғырту жұмыстары жалғасуда, – деді қала әкімі.
«SR CLINIC» медициналық орталығының басшысы, гинеколог дәрігер Самира Садыкованың айтуынша, медициналық орталық әйелдерге арналған кешенді қызметтер көрсетеді. Атап айтқанда, гинекологиялық қызметтермен қатар дерматолог, дерматолог-косметолог, маммолог, эндокринолог сынды жоғары санатты 15 дәрігер еңбек етеді.
Мекеме заманауи медициналық қондырғылармен толық жабдықталған. Атап айтқанда, 5D УДЗ кабинеті, зертхана, ота жасау бөлмелері және ем алушыларға арналған палаталар қарастырылған.
Айта кетейік, бүгінде Талдықорған қаласында 60-тан астам мемлекеттік және жекеменшік медициналық мекеме халыққа қызмет көрсетуде.