
Бүгін Талдықорған қаласы әкімдігінің мәжіліс залында қала әкімі Ернат Бәзілдің төрағалығымен «Кәсіпкерлікті дамытудың 2026–2028 жылдарға арналған ұлттық жобасы» аясында халықты жұмыспен қамту мәселесіне арналған жиын өтті.
Жиын барысында әкімге ұлттық жобаның 10 негізгі міндетінің бірі халықты жұмыспен қамтамасыз ету бағытында атқарылуы жоспарланған жұмыстар туралы баяндалды. Биыл 33 жоба аясында 200 адамды тұрақты және маусымдық жұмыспен қамту көзделіп отыр.
Қала әкімі ұлттық жоба аясында қала тұрғындарын жұмыспен қамту мәселесін тұрақты бақылауда ұстау қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, барлық құрылыс нысандарында еңбек етіп жүрген азаматтардың еңбек қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтау керектігін ерекше тапсырды.
Еске сала кетсек, ұлттық жоба 10 міндетті қамтиды, оның ішінде үшеуі халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге бағытталған. Нақтырақ айтқанда, жоба азаматтардың өз ісін ашып, дамытуына жағдай жасауға, субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру арқылы кәсіпкерлерді қолдауға, сондай-ақ кәсіпкерлердің қажеттіліктеріне сай кәсіби дағдыларды дамытуға басымдық береді.