
Биыл облыс орталығы Талдықорған қаласында жаңа жол салу жұмыстары қарқынды түрде жалғасады. Атап айтқанда, «Береке» коттедж қалашығы, Ынтымақ тұрғын үй алабы және 3-бөлімше тұрғындары үшін айналма жол мәселесі оңтайлы шешімін таппақ.
Еске сала кетсек, қала әкімі Ернат Бәзіл тұрғындармен кездесу барысында «Береке» коттедж қалашығы мен Ынтымақ тұрғын үй алабының тұрғындары Талдықорған қаласына жету үшін шамамен 2 шақырымға жуық артық айналма жолмен қатынауға мәжбүр екенін айтып, бұл жолдың тиімсіз екенін атап өткен болатын.
Осыған байланысты биыл жаңа жоба әзірленіп, «Алматы – Өскемен» автожолының 259-шақырымында, яғни Ынтымақ тұрғын үй алабы мен «Береке» коттедж қалашығына апаратын жаңа жол айырымының құрылысы басталады. Жаңа жол айырымының ұзындығы 3 шақырымды құрайды.
Жол құрылысы аяқталғаннан кейін қала аумағынан елді мекендерге қауіпсіз қатынау айтарлықтай жеңілдеп, тұрғындардың уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді.
Осылайша жаңа жол айырымы қалаға қатынайтын тұрғындар үшін тиімді болып, елді мекендердің дамуына да оң әсерін тигізбек.
– «Біз айналма жол мәселесін көп жылдан бері көтеріп келдік. Бұл жол қалаға қатынауда үлкен қиындық туғызып келген еді. Енді, міне, көптен күткен мәселенің оң шешімін табуы осы аумақта тұратын тұрғындар үшін қуанышты жаңалық болды», – деді Ынтымақ тұрғын үй алабының тұрғыны Күлжан Ысқақова.