
Бүгін қала әкімдігінің мәжіліс залында қала әкімінің орынбасары Жеңіс Андабеков халықаралық ментальді арифметика олимпиадасында жоғары нәтижелерге қол жеткізген дарынды оқушыларды қабылдады.
Естеріңізге сала кетейік, халықаралық олимпиада өткен жылдың 6–7 желтоқсан күндері Грузия астанасы Тбилиси қаласында өтті. Грузияның SEU University Georgia университетінде ұйымдастырылған байқауға әлемнің 84 елінен келген үздік қатысушылар жиналып, UCMAS бағдарламасы бойынша өзара бақ сынасты.
Аталған халықаралық олимпиадаға Талдықорған қаласының мектептерінен 8 оқушы қатысып, жүлделі орындарға ие болды.
Қала әкімінің орынбасары Жеңіс Андабеков оқушыларды жеткен жетістіктерімен құттықтап, алғыс хаттар табыстап, олардың жоғары нәтижелерін ерекше атап өтті.
Айта кеткен жөн, ментальді арифметика зияткерлік мектебі қаламызда 2015 жылдан бері табысты жұмыс істеп келеді. Бүгінде оқу орталығы оқушыларды 10 деңгейден тұратын бағдарлама бойынша жүйелі түрде дайындап, олардың зияткерлік қабілеттерін дамытуға ерекше көңіл бөлуде.