Бейбіт Исабаев биылғы ел Кубогының иелері - «Жетісу» волейбол ерлер командасының құрамымен кездесті

Бейбіт Исабаев биылғы ел Кубогының иелері - «Жетісу» волейбол ерлер командасының құрамымен кездесті

Бүгін облыс әкімі Бейбіт Исабаев «Жетісу» волейбол ерлер командасының құрамымен кездесіп, ұжымды ел Кубогын иеленуімен құттықтады. Сол сияқты команда жаттықтырушыларына, медицина қызметкерлеріне, ойыншыларына марапаттар тапсырды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Кездесуде өңір басшысы Кубок ойындары барысында жетісулық волейболшылар жақсы ойын үлгісін көрсеткенін атап өтті:

- Команда тарихында алғашқы жеңіс - Кубокты иеленулеріңізбен баршаңызды құттықтаймын. Бұл жеңіс – ұжымның бірлескен еңбегінің, бір кісідей жұмылған береке-бірлігінің нәтижесі. Волейбол – командалық ойын, сондықтан мұнда физикалық жаттығумен қатар психологиялық қолдау да, техника мен тактика да маңызды. Бұл тұрғыда жігіттердің дайындығы жақсы. Біздің команданың 90% өзіміздің отандық спортшылар, соның 6-уы жетісулықтар. Бұл жергілікті жастардың тәжірибесінің шыңдалып, өсіп келе жатқанын көрсетеді. Алдағы уақытта сіздерді ел Чемпионатының ІІІ туры мен Суперкубок ойындары күтіп тұр. Осы жарыста да үздік ойын көрсетесіздер деп сенеміз. Оған сіздердің барлық мүмкіндіктеріңіз бар, - деген Б. Исабаев Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар тапсырды.

Мұнан соң «Жетісу» волейбол клубы ерлер командасының бас бапкері Марат Адрышев облыс басшылығы тарапынан көрсетілген қолдаулар үшін ризашылығын білдірді:

 - Бізге жеңіске жетуге барлық қажетті жағдай жасадыңыздар. Жаттығу базамыз жаңа, тұрғын үй мәселесі шешілген, моральдық тұрғыда қолдау бар. Біз артымызда қаншама жанкүйерлер тұрғанын жақсы білеміз. Сондықтан облыс басшылығының, жанкүйерлеріміздің сенімін ақтап, жеңісті жолымызды жалғастыруға барымызды саламыз, - деді команданың бас бапкері.

Сол сияқты команданың капитаны Айбек Жақсылықов, ойыншы Роман Егоров та пікір қосып, ойынды әлі де ширата түсуге дайын екендіктерін жеткізді.

Еске салсақ, «Жетісу» командасының Ұлттық лигаға кіргеніне үш жыл болды. Өткен жылы ел Кубогының жүлдегері атанып, 3-орынға табан тіресе, биыл 18 желтоқсанда өткен ел Кубогы ойындарында өз тарихында алғаш рет чемпион болып, Кубокты иеленді. Сонымен қатар жетісулық команданың өкілі Никита Швалёв осы Кубоктағы ең үздік ойыншы атанды.

Бұдан бөлек, волейболдан Қазақстан Республикасы Чемпионатының ІІ турының қорытындысы бойынша команда 35 ұпаймен қазіргі уақытта бірінші орында келеді.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотограф: Жұмабай Мұсабеков