Бикен Римова атындағы драма театрына академиялық мәртебе берілуі салтанатты түрде аталып өтілді

Бикен Римова атындағы драма театрына академиялық мәртебе берілуі салтанатты түрде аталып өтілді

Бүгін Жетісу облысында Бикен Римова атындағы драма театрына академиялық мәртебесі берілуіне орай салтанатты шара өтті. Мерекелік жиынға облыс әкімі Бейбіт Исабаев, арнайы келген қонақтар - Қазақстанның халық әртістері Болат Әбділманов, Лидия Кәденова, Дулыға Ақмолда және басқа да елімізге белгілі өнер иелері, жергілікті театр ұжымы, зиялы қауым өкілдері қатысты, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.  

Алдымен театр маңдайшасындағы жаңарған атау салтанатты түрде ашылды. Мұнан соң жиын театр ғимаратының ішінде жалғасып, қонақтар Бикен Римова бюстіне гүл шоқтарын қойды.

Жетісулық театр ұжымын қуанышымен құттықтаған облыс әкімі Бейбіт Исабаев:

- Биыл біздің Талдықорған театры үшін мерекелі жыл болды. Бұған дейін қыркүйек айында өнер ордасының жарты ғасырлық белесі мен дәстүрлі «BIKEN FEST» халықаралық фестивалін қатар өткізген болатынбыз. Өздеріңіз білесіздер, Президент Бикен Римова драма театры академиялық мәртебе алуға лайық деп өзінің оң бағасын беріп, жақсылық еселеніп, театр сол атаққа қол жеткізіп отыр. Бұл атаққа ие болу бүгінгі өнерпаздардың ғана жетістігі емес, осы театрда тер төгіп, еңбек еткен алдыңғы толқын аға-апаларымыздың салып кеткен сара жолының жаңа даңғылға ұласуы деп білеміз. Сонымен қатар бұл белес Бикен Римова атындағы Академиялық драма театрының жаңа дәуірі, жұлдызды шағының бастауы болатынына сенемін, - деп атап өтті Б. Исабаев. 

Бұдан кейін Қазақстанның халық әртістері Алмахан Кенжебекова, Болат Әбділманов, аталмыш театрдың директоры Ерлік Жуасбек әріптестеріне құттықтау тілектерін білдірді.

- Осы театрдың шымылдығын тұңғыш ашқан актрисаның бірімін. Алғаш «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» спектаклінде Қозының шешесі Мақпалдың рөлін ойнадым. Содан бері елу жылдың қалай өтіп кеткенін білмей де қалдық. Әрине, атақ үшін еңбек еткен жоқпыз, бірақ төзімнің, шалқар шабыттың, табанды еңбектің арқасында осындай дәрежеге абыроймен жетіп отырмыз. Осы орайда Президентімізге ризашылығымызды білдіреміз. Соңғы жылдардың бедерінде осы театрда қырық-елу жыл еңбек еткен азаматтарымыз атақ алып, еңбегінің жемісін көріп жатыр. Бұл театрдың көгеріп-көктеуіне үлес қосқан сол азаматтардың қай-қайсының да жолы - адал еңбектің, өнерге қызмет етудің қандай болатынын көрсететін өнегелі жол. Театрдың мәртебесі өсіп, өнеріміз жасай берсін, - деді А. Кенжебекова.

- «Әркімге өз туған жері - Бағдат шәрі» дейді. Сондықтан туған жердің қашанда жөні бөлек. Талдықорған театрының өнеріне осындай үлкен баға беріліп, абыройға бөленіп жатқанда қалай қуанбаймыз, жақсылықты бөлісуге арнайы келдім. Жетісуға әр келген сайын Талдықорғанның көркейіп, өсіп келе жатқанын, шаруа адамдарының қызу еңбегін көріп, өз басым қуанып қайтамын, өңірдің руханияты үшін де ризамыз. Театр - шын мәніндегі бекзат өнер. Қоғамды мейірімге, құрмет пен сыйластыққа тәрбелеуде сахнаның рөлі зор. Театрдың «академиялық» деген атты ардақтай білетін ұжымының алар асуы әлі де алда деп білемін, - деді Болат Әбділманов. Өз кезегінде театр директоры Ерлік Жуасбек жетісулық өнер ұжымына көрсеткен қолдауы мен құрметі үшін Мемлекет басшысының атына Бикен Римова атындағы театр қызметкерлерінің атынан алғысын білдірді. 

Мерекелік шараның соңынан театр өнерпаздары Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» пьесасын көрермен назарына ұсынды.

Атап өтсек, Талдықорған театры 1975 жылы құрылып, биыл 50 жылдығы аталып өтілді. Осы елу жылда өнер ордасының репертуары 200-ден астам қойылыммен толығып, қазақ және шетел классиктерінің туындылары көрермендерден лайықты бағасын алған.

Еске салсақ, биылғы мәдениет саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты жиында Мемлекет Басшысы Бикен Римова атындағы драма театрына Академиялық мәртебе беру туралы бастама көтеріп, соның негізінде осы жылдың 2 желтоқсанында Үкіметтің қаулысы шыққан болатын.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотограф: Жұмабай Мұсабеков