
Бүгін қала әкімдігінің мәжіліс залында қала әкімінің орынбасары Жеңіс Андабековтың төрағалығымен қала бойынша эпидемиологиялық жағдайға қатысты үйлестіру кеңесінің отырысы өтті.
Жиында 2025 жылдың 10 айындағы инфекциялық және паразитарлық аурулардың, сондай-ақ вакцинамен басқарылатын инфекциялардың эпидемиологиялық жағдайы мен иммунопрофилактика саласындағы өзекті мәселелер талқыланды.
Қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мәліметінше, эпидмаусым басталғалы өңір бойынша жедел респираторлық вирустық инфекцияның (ЖРВИ) 32 159 жағдайы тіркелген, оның 23 524-і – 14 жасқа дейінгі балалар.
Вирустық аурулардың өсуін ескере отырып, медициналық ұйымдарда МСАК деңгейінде 9 мобильді бригада, 8 сүзгі кабинеті және азаматтарға кеңес беретін 6 телефон желісі жұмыс істеп тұр. Шұғыл көмек көрсету үшін 22 жедел медициналық жәрдем бригадасы жұмылдырылған.
Талдықорған қаласында 25 055 адам тұмауға қарсы вакцинациядан өтті. Осылайша, қаладағы биылғы эпидемиологиялық маусым тұрақты бақылауда екені атап өтті.
Отырыс қорытындысы бойынша қала әкімінің орынбасары Жеңіс Андабеков жауапты мекемелерге эпидемиологиялық жағдайды тұрақты бақылауда ұстауды, тұрғындар арасында түсіндіру және профилактикалық жұмыстарды күшейтуді, сондай-ақ инфекциялық аурулардың алдын алу бойынша шараларды жүйелі түрде жүргізуді тапсырды.