Талдықорғанда ерен ерлік көрсеткен полиция қызметкерлері мен әлемдік додада топ жарған спортшылар марапатталды

Талдықорғанда ерен ерлік көрсеткен полиция қызметкерлері мен әлемдік додада топ жарған спортшылар марапатталды

Бүгін Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл Жапонияның Токио қаласында өткен киокушинкай-кан каратэ бойынша Әлем чемпионатында жоғары нәтижеге қол жеткізген жас спортшылар Еркежан Асылбай мен Аделя Буенбаеваны, сондай-ақ қызметтік борышына адалдық танытқан полиция қызметкерлерін арнайы қабылдап, алғыс хаттар табыс етті.

Қала басшысы қабылдауға келген тәртіп сақшыларын «Заң мен тәртіп» идеологиясын нығайту жолындағы еңбегі, сондай-ақ жасөспірімнің өмірін сақтап қалу және «Жастар-3» тұрғын алабында болған өрт кезінде адамды құтқаруда көрсеткен ерлігі үшін марапаттады. Әкім олардың кәсібилігі мен батылдығы қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды үлес екенін атап өтті.

Сонымен қатар, әлемдік додада топ жарған спортшылар да назардан тыс қалмады. Әлемнің 41 елінен 700-ге жуық спортшы қатысқан жарыста Еркежан Асылбай 50 келі салмақта қарсыластарын басып озып, әлем чемпионы атанса, Аделя Буенбаева жоғары шеберлігін көрсетіп, қола жүлдемен елге оралды.

Әкім қабылдауында айтылғандай, спортшылардың жеңісі талмай төккен тердің, жаттықтырушылар еңбегінің және отбасылық қолдаудың жемісі. Ал полиция қызметкерлерінің ерлігі қоғам қауіпсіздігі жолындағы адал қызметтің айқын көрінісі екендігін ерекше атап өтті.