Талдықорғанда қайта абаттандырылған «Арбат» жаяу жүргіншілер аймағы қолданысқа берілді

Талдықорғанда қайта абаттандырылған «Арбат» жаяу жүргіншілер аймағы қолданысқа берілді

Облыс орталығы Талдықорғанда тұрғындардың жайлы әрі қауіпсіз демалуына мүмкіндік жасау мақсатында жаңғыртылған «Арбат» жаяу жүргіншілер аймағы қолданысқа берілді.

Жаңарту жұмыстары барысында «Арбат» аумағында бірқатар кешенді өзгерістер жүзеге асырылды. Атап айтқанда, шағын сәулет нысандары орнатылып, заманауи жарықтандыру жүйесі толықтай жаңартылды. Сонымен қатар, брусчатка төсемелері түгел ауыстырылып, су ағатын арық желісі қайта қалпына келтіріліп, автоматты суару жүйесі іске қосылды.

Қыркүйек айында басталған құрылыс жұмыстарын «Капитал Story Kz» мердігер мекемесі атқарды.

Айта кетейік, тамыз айында Біржан сал көшесі бойындағы «Арбат» демалыс аймағы да күрделі жөндеуден өтіп, тұрғындардың пайдалануына берілген болатын. Бұл жұмыстардың барлығы «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында қала тазалығы мен қолайлы қоғамдық кеңістіктерді қалыптастыру мақсатында жүзеге асырылып келеді.

Жаңарған «Арбат» енді талдықорғандықтар мен қала қонақтары үшін серуендеп, тынығуға арналған қолайлы орындардың біріне айналмақ.