
Талдықорған қаласында тұрғындарды жайлы баспанамен қамтамасыз ету мақсатында құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Биыл қаңтар-қыркүйек айларында қалада 92,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
Қала бойынша биыл 11 көпқабатты үйдің құрылысы жүргізілуде. Солардың ішінде, бюджет қаражаты есебінен «Ынтымақ» тұрғын үй алабында алғаш рет 5 қабатты 5 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары басталды. Қазіргі уақытта іргетас құю жұмыстары жүргізілуде. Жайлы баспаналар 2026 жылдың маусым айында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Жаңа үйлерде 1 бөлмелі – 50, 2 бөлмелі – 100, 3 бөлмелі – 50 пәтер қарастырылған. Барлық пәтерлер тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға кезекпен берілмек.
Қала әкімінің орынбасары Рүстем Бершінбеков:
- Бұл жобаның мақсаты қала тұрғындарын жайлы әрі қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету. «Ынтымақ» тұрғын үй алабында салынып жатқан 5 көпқабатты үйдің құрылысы жоспар бойынша жүріп жатыр, сапасы мен мерзімі тұрақты бақылауда», – деді.
Жобаны «АС Құрылыс» ЖШС жүзеге асыруда. Тұрғын үйлермен бірге аумақты абаттандыру, жас көшеттер отырғызу жұмыстары да қарастырылған.