
Талдықорған қаласында биыл «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында бірқатар маңызды жобалар жүзеге асуда.
Солардың бірі қала аумағындағы тозығы жеткен аялдамалар жаңартылып, жаңа бой көтеріп жатқан шағын аудандар мен тұрғындар сұранысы жоғары аумақтарға қазақы нақышта безендірілген 36 жаңа аялдама орнату жұмыстары жалғасуда.
Естеріңізге сала кетсек, қала бойынша барлығы 282 аялдама бар, оның ішінде 21-і - смарт аялдамалар.
2018 жылы пайдалануға берілген смарт аялдамалардың басым бөлігі уақыт өте келе жарамсыз күйге түсіп, тұрғындар тарапынан көптеген шағымдар туындаған болатын.
Осы мәселені тиімді шешу мақсатында қала әкімі Ернат Бәзіл смарт аялдамаларды 5 жыл мерзімге сенімгерлік басқаруға берді. Қазіргі таңда барлық смарт аялдамаларды қалпына келтіру жұмыстары басталып, оларды жөндеу биыл толық аяқталмақ.
Талдықорған қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ерлан Ниетбаев:
- Жаңа аялдамалар заманауи талаптарға сай жасалған және ұлттық өрнектермен безендірілген. Бұл тек тұрғындардың жайлылығын арттырып қана қоймай, қаланың эстетикалық келбетін жақсартуға үлес қосады. Сонымен қатар, смарт аялдамаларды қалпына келтіру жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтайтын боламыз, - деді.