
Бүгін қала әкімі Ернат Бәзіл «Ұлан» шағын ауданында қасбеттері жаңартылып жатқан көпқабатты тұрғын үйлерді аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысын көрді.
Биыл шағын ауданда 20 көпқабатты үйдің қасбеттері жаңартылуда, соның ішінде балкондар бірыңғай стильде қайта жасалып жатыр. Жөндеу жұмыстары қараша айында толық аяқталады деп жоспарланған.
Еске сала кетсек, «Ұлан» шағын ауданын кешенді абаттандыру 2024 жылы басталған. Бүгінге дейін 14 аула заман талабына сай абаттандырылса, ал 2 көпқабатты тұрғын үйдің шатыр жабындысы жаңартылды.
Сонымен қатар, қала әкімі 1-ші бөлімше (Подхоз) және Кивилев көшелеріндегі апатты деп танылған үйлерді де аралады. Тексеру барысында әкім апатты жағдайдағы баспаналарды сүріп, олардың орнына жаңа көпқабатты тұрғын үйлер салу қажеттігін айтты.
Биыл жайсыз баспанада тұрып келген 20 отбасы жаңа пәтер алады. Оның бесеуі қыркүйек айында Қала күні мерекесі қарсаңында баспаналы болды. Ал алты отбасы Республика күні қарсаңында қоныс тойын тойлады. Қалған 9 отбасы жыл соңына дейін жаңа пәтермен қамтамасыз етілетін болады.
Келесі жылы «Реновация» бағдарламасы аясында апатты деп танылған үйлерде тұратын тағы 30 отбасыға жаңа пәтер беріледі.