
Бүгін облыс орталығы Талдықорған қаласында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында дәстүрлі «Таза бейсенбі» акциясы өтті.
Акция барысында қала аумағында ағаш көшеттері отырғызылды. Бұл игі іс заңсыз қоқыс төгілетін аймақтар мен жол жиектерінде жүргізіліп, тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті арттыру мен қоршаған ортаны қорғауға бағытталған.
Қалалық полиция басқармасының мәліметінше, соңғы уақытта жол бойларына және рұқсат етілмеген жерлерге қоқыс тастау фактілері көбейген. Осыған байланысты қала әкімдігі мен тәртіп сақшылары қала тұрғындарын тазалық талаптарын қатаң сақтауға шақырады.
Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ерлан Ниетбаев:
- Құрметті Талдықорған қаласының тұрғындары!
Тұрмыстық қатты қалдықтарыңызды тек арнайы белгіленген орындарға ғана тастаңыздар!
Белгіленбеген жерлерге қоқыс төккен жағдайда қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік шаралар қолданылатынын ескертеміз. Әсем қаламызды таза ұстайық!, - деді.
Қала бәрімізге ортақ мекен. Тазалықты өзімізден бастайық!