
Бүгін қала әкімі Ернат Бәзіл Қаратал өзенінің оң жағалауын дамытуға бағытталған жобаның дайындық барысын көру үшін жауапты мердігер ұйымның өкілін қабылдады.
Жиында жобалаушы ұйым «Бақытжан» серіктестігі аумақты электр, ауыз су, кәріз және газ жүйелерімен қамтамасыз етуге бағытталған инфрақұрылымдық жобаны таныстырды.
Бұған дейін Ернат Бәзіл жобаның алғашқы нұсқасын қарап, бірқатар толықтырулар мен нақтылаулар енгізуді тапсырған болатын. Бүгін жаңартылған нұсқасы қайта ұсынылып, қала басшысы кей тұстарды әлі де пысықтау қажеттігін атап өтті.
Қала әкімі Ернат Бәзіл:
- Қараталдың оң жағалауын дамыту бұл қаламыздың болашақ кеңістігін қалыптастыратын маңызды бағыт. Инфрақұрылымдық жүйелерді сапалы әрі тиімді жобалау кейінгі құрылыс пен тұрғын үйлердің табысты дамуының негізі. Сондықтан әрбір техникалық шешім мұқият есептеліп, заманауи стандарттарға сай болуы керек, – деді.
Ауқымды жоба 2026–2027 жылдары бастау алады деп жоспарлануда.