
Бүгін қала әкімі Ернат Бәзіл алюминий қалдықтарын қайта өңдеумен айналысатын «Еуразия Аллюминий» зауытына барып, кәсіпорынның өндірістік үдерісі мен даму жоспарымен танысты.
«Еуразия Аллюминий» қайта өңделген алюминийді жинау, балқыту және құйма түрінде өндіретін заманауи кәсіпорын. Қазіргі таңда мұнда 15 қызметкер еңбек етуде. Өндіріс экологиялық таза әрі тиімді технологиялар негізінде жүзеге асырылады. Зауыттың жалпы аумағы 1 200 шаршы метрді құрайды. Мұнда өндірістік цех, қойма және әкімшілік ғимараттар орналасқан.
Кәсіпорын 1 млрд теңгеге жуық инвестиция есебінен іске асырылған. Шикізат ретінде қайта өңделетін алюминий қалдықтары доңғалақ дискілері, консерві банкілері мен қозғалтқыш бөлшектері пайдаланылады. Зауыт өнімдері қазірдің өзінде Қазақстанның түрлі өңірлеріне жеткізілсе, алдағы уақытта Қытай, Өзбекстан және Ресей нарығына экспорттау жоспарланған.
Қала әкімі кәсіпорынның экологиялық бағыттағы жұмысын жоғары бағалап, мұндай жобалардың өңір экономикасы үшін маңыздылығын атап өтті.
– Мұндай өндірістер қаланың индустриялық әлеуетін арттырып қана қоймай, экологиялық мәдениетті дамытуға да өз үлесін қосады. Әкімдік кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп, осындай жобаларды дамытуға жағдай жасауды жалғастырады, – деді Ернат Бәзіл.
Кәсіпорын алдағы уақытта жасыл технологиялар мен энергия үнемдеу жүйелерін енгізу арқылы экологиялық таза өндірісті одан әрі жетілдіруді көздеп отыр.