
Қала әкімі Ернат Бәзіл облыс орталығы Талдықорған қаласының қысқы маусымға дайындық барысын тексерді.
Қала басшысы қысқы маусым кезінде қар тазалауға жауапты мердігер ұйымдардың жұмыс барысымен танысып, жол және жаяу жүргіншілер жолдарын қардан тазалайтын арнайы техникалардың дайындығын қарап шықты. Сондай-ақ, бірқатар мәселелерді әлі де пысықтау қажеттігін атап өтті.
– Бүгін қаланың қысқы маусымға дайындық барысын көріп, арнайы техникалардың жай-күйін аралап өттім. Барлық жауапты мердігер мекемелердің инертті материалдар қоры мен техникалары жеткілікті. Алдағы қысқы маусымға толықтай дайынбыз, – деді қала әкімі Ернат Бәзіл.
Қызмет көрсетілетін аумақтың жалпы ұзындығы 331,8 шақырым. Оның ішінде 225 көше, 84 жаяу жүргіншілер жолы және 213 аялдама кешені бар, соның 21-і – «Смарт» аялдамалар.
Қазіргі таңда 123 бірлік арнайы техника дайындалып, 4 400 тонна құм, 1 100 тонна тұз қоры алынған.