Облыс орталығы Талдықорған өзінің туған күнін кең ауқымда, ерекше сән-салтанатпен атап өтті. Қала күніне орай ұйымдастырылған мерекелік шаралар тұрғындарға көтеріңкі көңіл күй мен ұмытылмас әсер сыйлады.
Мерекелік күн аясында бірқатар маңызды әрі қызықты оқиғалар орын алды. Атап айтқанда, Жетісу құрылыс-техникалық колледжінің «Дәнекерлеу ісі» мамандығында оқитын студенттер өз қолдарымен жасаған жүрек пішінді темір мүсінді қалаға тарту етті. Бұл ерекше сый Талдықорған жағажайының аумағына орнатылып, жастардың туған қаласына деген сүйіспеншілігі мен құрметінің нышанына айналды.
«Жастар» саябағында өткен мерекелік концертке 60 мыңнан аса адам жиналды. Қала тұрғындары мен қонақтары жергілікті өнерпаздармен қатар, қазақ эстрадасының жұлдыздары — Нұрболат Абдуллин, Балжан Бидаш, Олжас Абай және Ademi сынды танымал әншілердің өнерін тамашалады. Кештің шарықтау шегі отшашу мен диджей Слештің шоуымен қорытындыланды.
Сондай-ақ, Қала күні мерекесінде 35 азамат түрлі салалардағы еңбегі үшін марапатталды. Олар білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, коммуналдық қызмет, кәсіпкерлік және басқа да бағыттарда қаланың дамуына зор үлес қосып жүрген жандар. Сонымен бірге, «Үздік аула», «Үздік тұрғын үй», «Үздік тазалықшы» сынды аталымдар бойынша мекемелер мен тұрғындар да марапатталды.
Мерекелік күнді айрықша еткен тағы бір қуанышты жаңалық — дәл осы күні 14 сәби дүниеге келді (11 ұл, 3 қыз). Бұл оқиға қала мерекесінің мәнін одан әрі арттырып, көптеген отбасылар үшін қос қуанышқа айналды.
Осындай ауқымды шаралармен өрнектелген Талдықорғанның Қала күні тұрғындардың жүрегінде жарқын естелік болып сақталары анық. Бұл мереке қаланың өркендеп келе жатқанын, халықтың бірлігі мен рухын айғақтайтын маңызды күн болды.