Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Талдықорғанда аумағы 1,2 гектар жаңа саябақ ашылды

Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Талдықорғанда аумағы  1,2 гектар жаңа саябақ ашылды

«Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында Талдықорған қаласының жаңа шағын ауданында аумағы 1,2 гектар болатын жаңа саябақ ашылды. Бұл жаңа нысан Қала күні қарсаңында ашылды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

«Құлагер» шағын ауданындағы нысан заман талабына сай жабдықталған. Автоматты суару жүйесі орнатылып, жасыл газон төселген. Сонымен қатар  аталған саябақта балалар ойын аумағы, шағын сәулет нысандары, Workout аймағы, веложол, шағын футбол алаңы, демалыс орындықтары, жаяу жүргінші жолдары және заманауи жарық шамдары орнатылған. Әрі қалада алғаш рет орнатылған. Декоративті элементтері бар кеме түріндегі «Фрегат» балалар ойын кешені орналастырылған.  Саябақта күз айында өңірдің табиғатына бейім 200-ден астам жапырақты және қылқан жапырақты ағаш отырғызу жоспарланған.

Жалпы облыс орталығында биыл жасыл аймақтарды жаңарту мен абаттандыруға көп көңіл бөлініп отыр. Мәселен, қараша айында «Бірлік» шағын ауданында тағы бір жаңа сквердің құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі. Сонымен бірге «Жастар» саябағы абаттандырылуда, «Жеңіс» саябағының саябағының кіреберіс стелласы жаңартылуда, ал орталық саябақтың Қабанбай батыр көшесі жағынан кіреберісіне жаңа арка салынып жатыр. 

Қаладағы абаттандыру жұмыстары жайлы тұрғындар пікір білдірді:

- Шағын ауданымызда жаңа саябақ ашылып жатыр. Енді балаларымыз үйімізге жақын жерден ойын алаңына келіп, асыр салып ойнайтын болды. Кешкі уақытта өзіміз таза ауада серуендейміз. Жаңа саябақ қала тұрғындарының қолайлылығы үшін жасалып отыр. Сондықтан оны өз үйіміздей таза ұстап, қамқорлықпен қарау әрқайсымыздың міндетіміз деп білемін, - дейді Гүлстан Қалжанова.

Атап өтсек, қала күні және «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында «Қызылтас - Тасбақа» экологиялық квесті өткізілді. Сол сияқты қала күні қарсаңында «Жастар-3» тұрғын үй массивіне табиғи газ берілді, апатты үйде тұратын бірқатар қалалық тұрғын жаңа үйге көшірілді. Ынтымақ тұрғын үй алабынан басталып, «Құлагер», «Бірлік», «Болашақ», «Мүшелтой», «Жастар» шағын аудандарын, сондай-ақ Гаухар ана секілді орталық көшелерді басып өтетін № 27 жаңа маршрут ашылды.

Еске салсақ, Талдықорғанда қала күні мерекесі 27 қыркүйек атап өтіледі.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотограф: Олжас Құрмашев