Талдықорғанда «Жастар-3» тұрғын үй алабына табиғи газ берілді

Талдықорғанда «Жастар-3» тұрғын үй алабына табиғи газ берілді

Бүгін Талдықорғанда Қала күні мерекесі қарсаңында «Жастар-3» тұрғын үй алабына табиғи газ берілді.

Жоба аясында жалпы ұзындығы 25 шақырым газ құбыры тартылып, 7 газ реттегіш пункті орнатылған. Жоспарға сәйкес 789 үйге газ құбырын қосуға дайындық жүргізілген болса, соның ішінде бүгін 56 баспана газға қосылды. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 200 абонентке жеткізу жоспарлануда.

Осы қуанышты күні қала әкімі Ернат Бәзіл тұрғындарды арнайы құттықтап, жиналған жұртшылыққа жаңадан бой көтеріп келе жатқан тұрғын үй алабында әлі де жүзеге асырылатын жобалар қолға алынатындығын жеткізді.

– Қала күні қарсаңында қала көлемінде 30-дан аса іс-шара өткізу жоспарлануда. Шара аясында тек мәдени іс-шаралар ғана емес, бірнеше нысанды халық игілігіне бермекпіз. Бүгін, міне «Жастар-3» тұрғын үй алабына көгілдір отын берілуде. Осылайша аталмыш алаптағы өзекті мәселелерді біртіндеп оңтайлы шешпекпіз. Бұдан бөлек, жыл соңына дейін бірнеше шағын ауданды толықтай көгілдір отынмен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз. Бұл жұмыстар жақсы қарқынмен жалғасуда. Айта кетсем, бүгінде облыс орталығын газбен қамту деңгейі 90,3%-дан асып отыр, – деді қала әкімі Ернат Бәзіл.

Еске салсақ, 2024 жылдан бастап «Жастар-3» тұрғын үй алабында біртекті, жайлы баспаналар салу жұмыстары басталған болатын. 2024 жылы бұл аумақтан 56 баспана тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға берілсе, ал биыл жыл соңына дейін тағы 200 отбасы қоныс тойын тойламақ. Бұдан бөлек, алдағы уақытта бұл аумақта заман талабына сай сквер мен балалар ойын алаңы да бой көтермек.

Айта кетейік, қазіргі таңда «Жастар-3» тұрғын үй алабында ауыз су, кәріз жүйесі мен түнгі жарықтандыру толық жүргізілген. Сондай-ақ жол сапасын жақсарту мақсатында аталмыш аумақтың 3,5 шақырымына қатты жабынды асфальт төсеу жұмыстары тамыз айында басталып, жыл соңына дейін аяқталмақ. Ал 2026 жылы жалпы 8,5 км көшеге асфальт жабындысы төселеді.