Бүгін Талдықорған қаласындағы Халыққа қызмет көрсету орталығында ҚР Конституциясының 30 жылдығына орай салтанатты іс-шара өтті. Шара барысында 16 жасқа толған 15 жасөспірімге алғашқы жеке куәліктері табысталды.
Жас азаматтарға құжаттарды Жетісу облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Бауыржан Абибеков салтанатты түрде табыс етті. Ол өз құттықтауында жастарға ізгі тілегін білдіріп, жеке куәлік тек ресми құжат емес, мемлекет алдындағы азаматтық жауапкершіліктің, құқық пен міндеттердің бастамасы екенін атап өтті.
Іс-шара ҚР Конституциясының 30 жылдығымен тұспа-тұс келуімен ерекшеленуде. Бұл жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып, патриоттық сезімін нығайтуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шара жас буынды елжандылыққа тәрбиелеуге және олардың қоғам алдындағы рөлін терең түсінуіне ықпал етпек.