Бүгін қала әкімі Ернат Бәзіл «Жастар-3» тұрғын үй алабында салынып жатқан баспаналардың сапасын қарап, ондағы газ желілерін тарту мен жол сапасын жақсарту мәселелерін талқылады.
Әкім аталмыш аумақтағы жұмыс қарқынын бәсеңдетпеу қажеттігін ескертіп, жауапты мамандарға құрылыс барысын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
– Қала халқының саны жыл санап артып келеді. Соған орай баспана мәселесі де өзекті болуда. Біз жыл сайын 2 мыңға жуық тұрғын үй салуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, қаламызда жаңа шағын аудандар мен тұрғын үй алабтары да бой көтеруде. Ендігі мақсат – халықты жайлы әрі қауіпсіз баспанамен қамтамасыз ету, – деді қала әкімі.
Еске салсақ, 2024 жылдан бері «Жастар-3» тұрғын үй алабында біртекті, жайлы баспаналар салу жұмыстары басталған болатын. 2024 жылы бұл аумақтан 56 баспана тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға берілді.
Биыл жыл соңына дейін аталмыш аумақтан 200 баспана сатып алу жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін 29 үй сатып алынып, 45 баспананы сатып алу рәсімделу үстінде. Ал 40 үйді қыркүйек айында сатып алу жоспарланып отыр, – дейді қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің мамандары.
Айта кетейік, қазіргі таңда «Жастар-3» тұрғын үй алабында ауыз су, кәріз жүйесі мен түнгі жарық толығымен жүргізілген. Ал газ желісінің 95%-ы тартылып, үйлерге қосу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ жол сапасын жақсарту мақсатында аталмыш аумақтағы бірнеше көшеге қатты жабынды асфальт төсеу жұмыстары тамыз айының соңына дейін басталмақ.
Сонымен қатар, «Жастар-3» тұрғын үй алабында жаңа заман талабына сай сквер мен балалар ойын алаңы да салынатын болады.