Талдықорғанда «Мектепке жол» акциясы аясында 7 мыңнан астам балаға көмек көрсетіледі

Талдықорғанда «Мектепке жол» акциясы аясында 7 мыңнан астам балаға көмек көрсетіледі

Елімізде жыл сайын әлеуметтік тұрғыдан қорғалмаған және аз қамтылған отбасылардың балаларына қолдау көрсету мақсатында дәстүрлі түрде «Мектепке жол» акциясы өткізіледі.

Биыл облыс орталығы Талдықорғанда бұл игі шара аясында 7 мыңнан астам оқушыға көмек көрсетілмек.

Акцияның басты мақсаты – көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балаларын жаңа оқу жылына дайындауға жәрдемдесу және олардың әлеуметтік жағдайына байланысты мектепке бармау жағдайының алдын алу.

Жалпы қаламызда әлеуметтік осал топқа жататын 5 647 оқушы бар. Оларды қолдау үшін жалпыға бірдей білім беру қорынан әр балаға 46 228 теңгеден қаржы қарастырылған. Бұдан бөлек, қосымша көмекке мұқтаж 2 мыңнан астам бала мектеп формасымен немесе оқу құралдарымен қамтамасыз етіледі.
Игі іске облыстық басқармалар, жергілікті кәсіпкерлер, мәслихат депутаттары, «Каспий банк», «Халық банк», «Қазақтелеком», «Қазпошта», төтенше жағдайлар және қорғаныс істері басқармалары, сондай-ақ мектеп ұжымдары үлес қосуда.

Сонымен қатар, акция аясында Назарбаев даңғылы мен Біржан сал көшесінің қиылысында «Мектеп жәрмеңкесі» ұйымдастырылып, тұрғындарға мектеп формасы мен кеңсе тауарлары қолжетімді бағамен ұсынылуда.

Айта кетейік, «Мектепке жол» акциясы 1 тамыздан 30 қыркүйекке дейін жалғасатын болады.