Талдықорғанда құрылыс саласының қызметкерлері марапатталды

Талдықорғанда құрылыс саласының қызметкерлері марапатталды

Бүгін қала әкімі Ернат Бәзіл «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында құрылыс саласының қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, бірқатар сала мамандарын Құрмет және Алғыс хатымен марапаттады.

Марапатталғандар қатарында осы салада 41 жылдық еңбек өтілі бар Қанат Жулунов та бар. Ол ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің «Құрметті құрылысшысы» төсбелгісімен марапатталды.

– Бүгінде облыс орталығы Талдықорған қаласында салынып жатқан құрылыс нысандары көп. Олардың артында ауыр техникалармен қатар, қарапайым жұмысшылардың табанды еңбегі жатыр. Осының арқасында әсем қаламыз жыл санап тың қарқында дамып келеді. Бұл үрдісті жыл сайын бәсеңдетпей, құрылыс саласына ерекше мән беріп, халық игілігіне бағытталған жобаларды сәтімен жүзеге асыру, – деді қала әкімі.

Еске салсақ, биылғы жылы облыс орталығы Талдықорған қаласында көптеген нысандар салынып, іргетасы қалануда. Атап айтқанда, Көркем гимнастикаға арналған спорт кешені, Еркін ауылындағы 150 орынды мәдениет үйі, 16 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы, 300 орынды «Білім-инновация» лицейінің жаңа корпусы, «Береке» коттедж қалашығындағы 107 коттеджді қайта қалпына келтіру жұмыстары және «Оңтүстік-Батыс» ауданындағы кварталдық қазандықтың құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар, жыл басынан бері қала аумағында 47,3 мың шаршы метр болатын тұрғын үй қолданысқа берілді. Оның басым бөлігі несиелік және жалгерлік баспаналар.

Айта кетейік, 2025 жылдың қаңтар–шілде айлары аралығында құрылыс саласы бойынша өсім қарқыны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 137,1%-ға артқан.