Бүгін Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы аясында Талдықорған қаласындағы ақын ескерткішінің алдында мерекелік шара өткізіліп, ақын рухы ардақталды. Шараға облыс басшылығы, өңірдегі зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, жастар өкілдері, облыс жұртшылығы қатысты, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Бикен Римова атындағы драма театрының алдындағы алаңға жиналған қауым алдымен жергілікті актерлардың қатысуымен қойылған театрландырылған көрініске куә болды. Онда бала Абайдың дана Абайға айналу кезеңдері паш етілді. Ақын ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, баба рухына тағзым жасалды.
Мұнан соң Абайдың 180 жылдығына арналған онкүндік аясында ұйымдастырылған «Өлең - сөздің патшасы» атты облыстық мүшәйрада жүлдегер атанған ақындар Қайрат Бестібаев, Мұхтар Күмісбек, Санжар Сұлтанғазы өздерінің арнау өлеңдерін, сол сияқты жергілікті «Мизам» әдебиет мектебінің шәкірттері ойшыл-ақынның өлеңдерін оқыды. Сол сияқты жергілікті өнерпаздар Абайдың әндерінен концерттік бағдарлама ұсынды.
- Абай – әлем ақыл-ойының алыбы. Елді бірлікке шақырған, еңбекке үнедеген, кемел адамның мінез-болмысын ашып берген адам. Сондықтан Абайдың мұрасы мәңгілік, – дейді мемлекет және қоғам қайраткері Жомартқали Жексенбинов.
- Абай өлеңдері – бізге мәңгілік темірқазық, оны біз өмір бойы оқуымыз керек. Жай оқымай түсініп, түйсініп оқуымыз керек. Абай тойы – барша елдің тойы. Бүгінгі шараға өскелең жастардың көптеп қатысқаны қуантады, - деді Қайрат Бестібаев.
Еске салсақ, мерейтой аясындағы онкүндік шеңберінде облыста бұған дейін ақындар мүшәйрасы, караокемен ән салу кеші, ұлттық спорт жарыстары т.б. бірқатар шаралар өткізілген болатын.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фотосуреттерді түсірген: Жеңіс Ысқабай