Облыс орталығы Талдықорған қаласында тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында орнатылған 21 смарт аялдаманың барлығы кезең-кезеңімен жаңғыртылып жатыр. Бұл нысандар алғаш рет 2018 жылы қолданысқа берілген болатын.
Өткен жылы қала әкімі Ернат Бәзілдің тапсырмасына сәйкес, барлық смарт аялдамалар 5 жыл мерзімге сенімгерлік басқаруға берілді. Нәтижесінде аялдамаларда қайта қалпына келтіру жұмыстары басталды. Қазіргі таңда олардың 12-сі толық жөнделіп, қайта пайдалануға берілді. Ал қалған 9 аялдаманы жыл соңына дейін жаңартып, тұрғындар игілігіне ұсыну жоспарлануда.
Смарт аялдамалар заманауи талаптарға сай жабдықталған. Қыс мезгілінде жылыту жүйесі — арнайы батареялар іске қосылады, ал жаз айларында салқындатқыш кондиционерлер жұмыс істейді. Сонымен қатар, әр аялдамада тегін Wi-Fi желісі мен смартфондарды қуаттайтын арнайы құрылғылар орнатылған.
Қауіпсіздік пен тәртіпті сақтау мақсатында аялдамалар таңғы 06:30-да ашылып, түнгі 22:00-де автоматты түрде жабылады. Бұдан бөлек, барлық аялдамалар тәулік бойы бейнебақылау жүйесімен жабдықталған және күн сайын санитарлық тазалау жұмыстары жүргізіледі.
Айта кетейік, бұл бастама тұрғындардың жайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.