
Талдықорған қаласына қарасты Еркін ауылында 150 орынға арналған, 3 қабаттан тұратын жаңа мәдениет үйінің құрылысы басталды. Жалпы аумағы 1 228,6 шаршы метрді құрайтын бұл нысанда түрлі үйірмелер мен ауылдық кітапхана орналасады деп күтілуде.
Жаңа мәдениет үйі — ауыл жастары мен тұрғындары үшін шығармашылық қабілеттерін дамытып, білім мен тәжірибе алмасатын маңызды мәдени ортаға айналмақ.
Құрылыс жұмыстары маусым айында басталып, нысанды 2026 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Айта кетейік, бүгінде Еркін ауылдық округінде тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бірқатар іргелі жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Жол инфрақұрылымы жақсарып, аулалар абаттандырылып, көшелер жарықтандырылып, көгілдір отынмен қамту деңгейі артуда. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.