Талдықорғанда болған газ жарылысынан зардап шеккен Ернұр Жүкенге екі бөлмелі пәтердің кілті табысталды

Талдықорғанда болған газ жарылысынан зардап шеккен  Ернұр Жүкенге екі бөлмелі пәтердің кілті табысталды

Бүгін Талдықорғанда Жетісу облысы әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов пен «Жетісу – қолдау» қоғамдық қорының басшысы Рүстем Байтұманов Ернұр Жүкенге екі бөлмелі пәтердің кілтін табыстады. Өткен жылдың соңында облыс орталығындағы жер үйдің бірінде орын алған газ жарылысы салдарынан зардап шеккен отбасының үлкен ұлы Ернұр тұрғын үй мәселесімен бұған дейін облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың қабылдауына кірген болатын, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында облыс әкімдігі қала тұрғынының көтерген мәселесіне қатысты жедел әрекет етіп, оны заң шеңберінде жан-жақты қарастырды. Әсет Қанағатовтың айтуынша, Ернұр мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер алу кезегінде тұрмағандықтан, оған мемлекеттік қордан тұрғын үй беру мүмкіндігі жоқ. Осыған байланысты демеушілердің көмегіне жүгіну туралы шешім қабылданған.

- «Жетісу – қолдау» қоғамдық қорымен бірлесе отырып, біз бұл түйткілді мәселенің оң шешімін таптық. Қордың қаржылай қолдауының арқасында Талдықорған қаласынан екі бөлмелі пәтер сатып алынып, жөндеуден өткізілді. Біз пәтердің мектепке жақын болуын да ойластырдық, өйткені қазіргі таңда Ернұрдың қамқорлығында мектеп жасындағы кіші қарындасы бар. Енді бұл үйде тек береке мен тыныштық орнасын дейміз, – деді Әсет Қанағатов.

Қор жетекшісі Рүстем Байтұманов өткен жылғы қайғылы жағдай ешкімді бей-жай қалдырмағанын айтты.

– Сатып алынған пәтер – жай ғана баспана емес. Бұл адамгершілік пен жанашырлықтың, қамқорлық пен ынтымақтың символы деуге болады. Қор облыс әкімдігінің ұсынысына қолдау білдірген жөн деп шешті. Енді осы шаңырақта өсіп-өніп, жайлы ғұмыр кешіңіздер, – деді ол.

Ернұр қиын сәтте қол ұшын созған облыс басшылығына және қоғамдық қорға алғысын білдірді.

Атап өтсек, «Жетісу – қолдау» қоры осыдан бір жарым жыл бұрын құрылған болатын. Осы уақыт ішінде олар бірнеше әлеуметтік бастаманы жүзеге асырды. Солардың бірі ретінде Талдықорғандағы заманауи теннис орталығының салынуын атауға болады.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

Фотосуретті түсірген: Жұмабай Мұсабеков