Талдықорғанда «Мерейлі отбасы–2025» байқауының жеңімпаздары марапатталды

Талдықорғанда «Мерейлі отбасы–2025» байқауының жеңімпаздары марапатталды

Бүгін облыс орталығы Талдықорғанда отбасы құндылықтарын дәріптейтін дәстүрлі «Мерейлі отбасы–2025» ұлттық байқауының қалалық кезеңінің жеңімпаздары марапатталды.

Игі шараның шымылдығын қала әкімі Ернат Бәзіл ақжарма тілегімен ашып, байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапаттады.

Осымен 12-рет ұйымдастырылып отырған байқауға 22 отбасы қатысуға ниет білдіріп, оның ішінде 12 отбасы ақтық кезеңге жолдама алды. Нәтижесінде 5 отбасы жүлделі орынға, тағы 5 отбасы ынталандыру сыйлығына ие болды. Жеңімпаздарға қала әкімінің дипломы, бағалы сыйлықтар және арнайы статуэткалар табысталды.

Биылғы байқаудың басты ерекшелігі – «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында қарапайым жұмысшы отбасылары мен ұлттық құндылықтарды кеңінен дәріптеп жүрген жанұяларға ерекше көңіл бөлінді.

«Мұндай шаралардың басты мақсаты отбасылық құндылықтарға мән беру. Оның ішінде ата-анаға құрмет, балаға тәлімді тәрбие беру, бір шаңырақ астында берекелі өмір сүрудің маңыздылығын арттыру. Бүгінгі жастар үшін мұндай отбасылардың өмір жолы үлкен мектеп. Сонда ғана отбасылардың іргесі берік болады», – деді қала әкімі Ернат Бәзіл құттықтауында.

Байқау қорытындысы бойынша салт-дәстүрді дәріптеуге, отбасы мен некенің жағымды үлгісін таратуға, мәртебесін арттыруға қосқан үлестері және жастарға отбасылық құндылықтарды құрметтеуді насихаттағаны үшін I орынды – Болатхановтар отбасы алса, ал II орынды – Скаковтар және Шаяхмет отбасылары иеленсе, III орын – Есенғабыловтар және Өмірғалиевтер отбасыларына бұйырды.

Айта кетейік, «Мерейлі отбасы–2025» байқауына облыстық кезеңінде Талдықорған қаласы атынан Болатхановтар және Скаковтар отбасылары қатысады.