Талдықорғанда МӘМС жүйесі бойынша қалалық штаб отырысы өтті

Талдықорғанда МӘМС жүйесі бойынша қалалық штаб отырысы өтті

Қала әкімдігінің мәжіліс залында Талдықорған қаласы тұрғындарын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне тарту мәселелері бойынша қалалық штабтың кезекті отырысы өтті.

Жиында атқарылып жатқан жұмыстар, өзекті проблемалар мен оларды шешу жолдары қарастырылып, штаб хатшысы С.Талдыбаева, Полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары М.Искаков, сондай-ақ Мемлекеттік кірістер басқармасы, білім бөлімі және медициналық ұйым өкілдерінің баяндамалары тыңдалды.

Отырыс барысында қала әкімінің орынбасары Жеңіс Андабеков сақтандырылмаған тұрғындар санын азайту мақсатында әлеуметтік төлемдер бойынша берешегі бар кәсіпорындар, жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының басшыларына заңнама аясында шаралар қабылдау жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Қазіргі уақытта Талдықорған қаласында 32 мың тұрғын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінен тыс қалып отыр. Бұл олардың кеңейтілген медициналық қызметтер пакетіне қол жеткізе алмайтынын көрсетеді.

Атап айтқанда, профилактикалық тексерулер мен скринингтер, бейінді дәрігерлердің қабылдауы мен кеңестері, диагностикалық қызметтер (УДЗ, рентген, КТ, МРТ) кейбір жоспарлы ауруханаға жатқызу мүмкіндігі шектеледі.

МӘМС жүйесіне қатысу әр тұрғынның сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет алуына кепіл. Осыған байланысты азаматтарды белсенді болуға және сақтандыру мәртебесін тексеруге шақырамыз.