Талдықорған қаласында Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне арналған «Біз есірткіге қарсымыз!» атты ауқымды акция өтті. Шараны Жетісу облысының әкімдігі, облыстық полиция департаменті және прокуратура бірлесіп ұйымдастырды.
Акцияның ашылу салтанаты Д.Рақышев атындағы облыстық филармонияда өтті. Мұнда «Есірткісіз әлем» би байқауы мен «Ән қанатында» вокалдық конкурсы ұйымдастырылып, жас өнерпаздар өз шеберліктерін көрсетті.
Іс-шара «Жастар» саябағында жалғасып, есірткіге қарсы бағытталған сурет көрмесі мен «Есірткісіз өмір – салауатты ұрпақ» атты кітап көрмесі жұрт назарына ұсынылды. Қала тұрғындары армрестлинг, гір көтеру, арқан тарту секілді спорттық жарыстар мен «Өз ойыңмен бөліс» атты викторинаға белсене қатысты.
Шара барысында жас спортшылар шеруі мен «Наркостоп» флешмобы өтті. Флешмоб соңында көкке «Есірткіге жол жоқ!» деген жазуы бар шарлар ұшырылып, көпшілікке ерекше әсер сыйлады.
Облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев сөз сөйлеп, мұндай іс-шаралардың жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауда маңызды екенін атап өтті.
Көрермендерге каратэ шеберлерінің, арнайы жасақ (СОБР) сарбаздарының және кинологтар қызметінің көрнекі көрсетілімдері ұсынылды. Акция мерекелік концертпен аяқталды.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 2025 жылдың басынан бері Жетісу облысында 75 есірткі қылмысы тіркелген. Есірткі бизнесі көбіне интернет арқылы жүзеге асуда. Тек Telegram желісінде 1135 есірткі жарнамаланған сайт анықталып, бұғаттауға жіберілген.
Сонымен қатар, өңірде жабайы қарасора алқаптарын әуеден бақылау үшін тікұшақпен ұшу қызметтеріне бюджеттен қаржы бөлінгені де айтылды. Мамандардың пікірінше, есірткімен күрес – бұл тек құқық қорғау органдарының емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.